Бланк жоқ: ата-аналар туу туралы куәлікті уақытында ала алмай жатыр
Мамандардың айтуынша, өткен жылдың қараша айында заңға енгізілген өзгерістерге байланысты бланк тапшылығы туындап отыр
Жыл басынан бері Қазақстанның кейбір аймақтарында азаматтар баланың туу туралы куәлігін уақытында ала алмай жатқаны белгілі болды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қабылданған арыздар АХАТ бөлімдеріне барғанда, кері қайтарылмай жатыр. Осы жағдайға байланысты Azattyq Rýhy тілшісі тиісті мемлекеттік органдарға сауал жолдап, мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты.
Алматы маңындағы Талғар ауданының тұрғыны Мақсат Ережептің 9 қаңтарда бесінші баласы өмір есігін ашқан. Отағасы төрт ұлдан соң, өмірге келген қыздың туу туралы куәлігін жасату үшін жергілікті ХҚКО-на арыз жазған. «Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 5 қыркүйектегі № 929 қаулысына» сәйкес құжат үш жұмыс күнінде рәсімделуі тиіс. Алайда Халыққа қызмет көрсету орталығы Мақсат Ержепке куәліктің 15 ақпанда дайын болатынын айтқан.
«Мен бала өмірге келген соң бес күн өткенде, яғни 15 қаңтарда арыз жаздым. Талғар аудандық ХҚКО-ында куәліктің тек 25 күннен соң дайын болатынын айтты. Бірақ себебін түсіндірген жоқ. Оның орнына анықтама жазып берді. Бірақ оның тиісті әлеуметтік төлемдер алуға жарайтын- жарамайтынын білмеймін. Бұрынғы балаларымда екі-үш күнде алған едім»,- дейді жаңа туған нәрестенің әкесі.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Алматы қаласы бойынша департаментінің мамандары мұндай мәселенің бар екенін растады. Қалалық Әділет депараменті АХАТ бөлімінің басшысы Алма Ысқақованың айтуынша, жыл басынан бері бірнеше ауданда елтаңбалық бланктердің таусылып қалған. Шаһардағы 8 ауданның бірі Наурызбай ауданында ғана 1 мың дана бланк бар.
Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы былтыр Алматыда 60 мың бланк жұмсалғаны, ал биыл 65 мың адамға есептелгенін айтады. Бірақ қараша айында заңға тиісті өзгерістер енгізілген. Осы заң талаптарына байланысты бланк тапшылығы мәселесі туындаған.
«Былтыр қараша айында Астанаға (Нұр-Сұлтан қаласы- автор) 80 мың бланкке тапсырыс жібергенбіз. Әділет министрлігі оның қаражатын төлеп, тиісті келісім шартқа отырған. Туу туралы куәліктің бланктерін күтіп отырмыз. Енді бізге министрлік шамамен 10 күн ішінде келеді деп уәде беріп отыр», - дейді бөлім басшысы.
Қазақстан Республикасының Президенті 2019 жылы 25 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойған. Азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске 50-ден астам өзгеріс енгізілген.
«Азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрлерін тіркеу, қайталама куәліктер мен анықтамалар алу бойынша эксаумақтық қағидат енгізілді. Енді қайталама туу туралы куәлік қажет болған жағдайда азамат қай аймақта туғанына қарамастан, кез-келген тіркеуші органға барып, қайталама туу туралы куәлігін ала алады. Мысалы азамат Павлодар немесе Шымкентте тіркеуде болса, бірақ Алматыда тұрса, осы жерден ала береді. Бұл өзгеріс былтыр қараша айында енгізілген. Сондықтан Алматыда бланк таусылып қалып отыр»,- дейді Алма Ысқақова.
Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Жаңыл Амантайқызының айтуынша, қалада жыл басынан бері 1600 сәби өмірге келген. Соңғы бір аптада бланктердің таусылып қалуына байланысты оның орнына анықтама беріліп жатыр, қала бойынша Алатау және Наурызбай аудандарында ғана елтаңбалық бланктер бар екені анықталды, дейді ХҚКО-ның өкілі.
«Бірақ орталықтағы өзге 6 аудан халқы бұл аудандарға барып, рәсімдеуге құлықсыз. Әйтпесе мұны біздің қызметкерлер азаматтарға ескертеді. Шұғыл жасағысы келетіндер, осы аудандарға барса болады. Ал асықпайтындарға күтуге тура келеді, оларға анықтама беріліп жатыр. Негізі бұл АХАТ-тың жұмысы, жылдың басы болғандықтан бланк келмеген болуы керек»,- деді Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының өкілі.
Қалыптасқан жағдайға байланысты жергілікті атқарушы билік өкілдері бір-бірімен тығыз жұмыс істеуге міндетті. Бір ауданда жетіспесе, келесі бір ауданнан сұратып, халықты құжаттандыруды қамтамасыз етуі керек, дейді ҚР ӘМ Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыруды бақылау басқармасы басшысы міндетін атқарушы Маржан Дінғалиева.
«Қазір біздің ақпарат бойынша Алматы қаласында, Ақтау қаласында және Түркістан облысында куәлікке арналған бланктер жеткіліксіз. Біз бұл мәселені алдағы бір аптада шешеміз деп отырмыз. Алматы қаласында 3,5 мың куәлік бланкісі бар. Алматы облысында 7 мың бланк бар. Алайда ол бір ауданда шоғырланған да, келесі ауданда таусылып қалған. Сондықтан әкімдікке қарасты АХАТ бөлімдерінің тығыз жұмысы қажет. Біз аймақтағы департаменттер арқылы бұл мәселе бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз»,- дейді М. Дінғалиева.
Министрлік өкілінің айтуынша, Әділет министрлігі 2020 жылы халықты туу туралы куәліктердің бланктерімен қамтамасыз етуге бюджеттен 141 млн теңге қаржы бөлген. Жоспар бойынша жылда жергілікті халықты туу туралы куәлік бланктерміне қамтамасыз ету ақпан айында жүзеге асырылады. Ал қаңтар айында аймақтар өткен жылдан артылған бланктерді пайдалану тәжірибесі қалыптасқан, дейді салалық ведомство мамандары.