$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көкшетау қаласының тұрғындары келесі қыста жылусыз қалуы мүмкін

45 жыл бойы жұмыс істеп тұрған жылу қазандығы әбден ескірген

Көкшетау қаласының тұрғындары келесі қыста жылусыз қалуы мүмкін
Фото ашық дереккөзден

Көкшетау қаласының тұрғындары келесі қыста жылусыз қалуы мүмкін. Коммуналдық мекеме өкілдерінің айтуынша, қондырғылардың көбі ескірген. Кәсіпорын басшылығы оларды жөндеуге бюджеттен қаражат бөлінбесе, жағдайымыз қиын болатынын айтуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Көкшетаудың №1 жылу қазандығы сонау 1977 жылы салынған. Ол 45 жыл қалаға қызмет етіп келеді. Мамандардың айтуынша, ондағы қондырғылар соңғы жылдары әбден көнеріп, қазандықтың күші де жетпей жатыр. Сондықтан оны тез арада жөндемесе болмайды, дейді мамандар.

Жарты ғасырға жуық жұмыс істеп тұрған қазандықтарды былай қойғанда, 90-шы жылдарда орнатылған қондырғылар да тоза бастаған. Қазір пештердің маңайында шаң көтеріліп, жылу мекемесі кісі шошитындай кейіпте тұр. 

 «Бізге қазір жөндеу ауадай қажет. Қазандықтардан бөлек, электр жабдықтары мен қосымша агрегаттарды да жаңарту керек. Ал мұның бәріне 2 млрд теңгеден астам қаржы талап етіледі. Қондырғыларды қалыпқа келтірмесе істен шығады деп айтпаймын. Бірақ кейбір аудандарға жылу жетпей қалуы мүмкін», - дейді коммуналдық мекеменің бас директоры Руслан Мәкішев.

Коммуналдық мекеменің басшылығы, жөндеу жұмыстарынан бөлек алдағы жылы тарифті де көтермесек болмайды, деп отыр. Айтуларынша, қазір шағын 1 бөлмелі пәтер үшін 1 мың теңгеге жетер-жетпес ақша төлеп отырған үйлер де бар. Ал бұл шығынымызды жаппайды, дейді олар.

Кәсіпорын басшысы тіпті 3 жарым млрд теңгеден астам кредиторлық қарызымыз да бар дейді. Ал жергілікті билік өкілдері, жылу мекемесін бұлай далада қалдырмаймыз, -деп сендіріп отыр.

«Осы жазда біз ескірген қондырғыларды барынша жаңартуға тырысамыз. Жылда солай жасап жүрміз ғой. Ол деген темір. Ескіреді, тозады. Жөндеп, қайтадан іске қосамыз. Сөйтіп, келесі жылу маусымына мейлінше дайындықпен кірісуге күш саламыз.», - деді облыстық энергетика басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.

Дегенмен, жауапты басқарма басшысы биыл жылу мекемесіне нақты қанша қаржы бөлінетінін айта алмады. Бір белгілісі, ол коммуналдық кәсіпорын сұрап отырған сомаға жетпейді. Сондықтан қазандықтардың алдағы тағдыры енді уақыт еншісінде.

Серіктес жаңалықтары