Елордада бірнеше көпір салынады
Сонымен қатар қалада 54 қоғамдық кеңістік абаттандырылады
Қала тұрғындарымен және бизнес ұйымдар «Нұр-Сұлтан - тұрғындарға жайлы қала» атты елорданы одан әрі дамыту жоспары талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Басқосуда жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасау, көпорталыққа бағытталған тәсілдерді енгізу, көшелердің автокөліктер жүретін жолдарын кеңейту, веложолдарды ұлғайту, көпірлер салу және қаланы дамыту бойынша басқа да өзекті мәселелер қозғалды.
Урбанистика орталығының басшысы Асхат Садуовтың айтуынша, елорданы одан әрі дамыту жоспары стратегиялық және тактикалық мақсаттарды қамтиды. Қазіргі таңда елорда инфраструктурасына қарасақ, әр ауданның өз орталығы бар. Бұл дегеніміз қаламыздың көпорталықты болуы. Қызмет алу не бос уақытты өткізу үшін қаланың басқа шетіне барудың қажеті жоқ, тұрғындарға қажет барлық жерлер жақын жерде орналасады.
«Мәселен, орталықтар арасындағы басты кедергі - өзен үстінде көпірлердің болмауы. Орталықтарды байланыстырып тұратын көпірлер санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Көпірлер Тәуелсіздік даңғылы, Ұлы Дала, Қорғалжын тас жолы, Қабанбай батыр және Тұран даңғылында салынады. Мысалы, Бейбітшілік көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолын кеңейтіп, абаттандырамыз. Сонымен қатар жайлы шағын кафелер ашылып, жасыл желектер егіледі. Еуразия аумағы да бірінші кезеңде қамтылады. Осы қағидатқа сүйене отырып, басқа да көшелерді қайта жаңартып, арт-нысандарды орнатып жатырмыз», - деді Асхат Садуов.
Осылайша, қалада 54 қоғамдық кеңістік абаттандырылады.