$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан инсульттан болатын өлім-жітім жөнінен ТМД-да бірінші орында тұр

Әлем бойынша соңғы 30 жылда инсультқа шалдығушылар саны 70 пайызға артқан

Қазақстан инсульттан болатын өлім-жітім жөнінен ТМД-да бірінші орында тұр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, инсульт адам өліміне апаратын 10 аурудың көшін бастап тұр. Қатерлі дерт ересектер қатарында ғана емес,  балалар арасында да дендеп барады. Соңғы жылдары тіпті жаңа туған сәбилердің де аталған сырқатқа шалдыққаны тіркелуде. Ал коронавирус пандемиясы жағдайды тіпті ушықтырып жіберді. Дәрігерлердің айтуынша инсультқа шалдығушылар қатары одан әрі көбейіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ЕЛІМІЗДЕ ЖЫЛЫНА 40 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ИНСУЛЬТҚА ШАЛДЫҒАДЫ

Әлем бойынша соңғы 30 жылда инсультқа шалдығушылар саны 70 пайызға артқан. Ал өлім-жітім көрсеткіші екі есе өсіп отыр. Қазақстанда орта есеппен жылына 40 мыңнан астам адам инсульт алады. Мұндай сәтте науқасқа мамандар небәрі 4,5 сағат ішінде ғана медициналық көмек көрсете алады.  Одан әрі дәрігерлер дәрменсіз. Сондықтан науқастардың 60 пайызы мүгедек болып қалады. 

Мамандардың айтуынша көпшілік инсульт белгілерін білмегендіктен жедел-жәрдемді дер кезінде шақырмай уақыт жоғалтып алады. Мұндай жағдайда адам тепе-теңдік ұстай алмай, аяқ-қолының әлі кетеді. Түр-әлпеті өзгеріп, дұрыс сөйлей алмай қалады. 

«Мәселен біздің бөлімге инсультқа шалдыққан әйел адам түсті. Оған дейін науқаста бас ауруы, қан қысымының көтеруілуі сынды белгілер болуы мүмкін. Бірақ көпшілік оны елемей жүре береді. Біз аппараттың көмегімен күре тамыр арқылы науқастың басын қараймыз, оның талып қалуының себебін анықтаймыз. Мысалға келтірген әйелдің жағдайы туралы айтар болсам, мидың бір бөлігіне қорек жеткізіп тұрған тамырдың бітеліп қалғанын анықтадық.  Мұндай сәтте басты міндетіміз – сол кедергіні жою. Біз күре тамырдағы тромбты алып шығамыз. Оны үзіп алмау маңызды. Сол сәттен  миға қанның баруы жалғасады. Бұл процедура тез жасалады деуге болады», - дейді СҚО көпбейінді аурухананың ангиография меңгерушісі Сергей Руцкий.

ДЕРТ ЖЫЛДАМ ҚАРҚЫНМЕН ЖАСАРЫП КЕЛЕДІ

Дәрігерлердің айтуынша, дерттің таралуы қарқынмен өсіп келеді. Бұл үрдіс әсіресе, коронавирус пандемиясы басталғалы жылдамдаған. Қанның қоюлануы – аталған инфекциямен ауырғандар арасында жиілегені белгілі. Дегенмен дерттің алдын алуға болады. Ол – салауатты өмір салтын ұстанып, спорпен шұғылдану, тұзды және тәтті тағамдардан бас тарту. Жоспарлы скринингтен өту де маңызды. Өйткені, көптеген аурулар осындай медициналық тексерістерден кейін анықталады.

«Диагностикаға келіп жатқан адамдардың тізімін сараптап қарасақ, инсульт жылдам қарқынмен жасарып келеді. Қант диабетіне шалдыққандар да қауіпті топта тұр. Себебі мұндай науқастардың тамыр жүйесі тез тозады. Дегенмен, қазіргі медициналық қондырғылардың арқасында сырқатты ерте анықтау мүмкіндігі туды. Жуырда ғана 16 жастағы жасөспірімге диагностика жасалды. Оның өмірін сақтап, мүгедек болып қалуының алдын алдық», - дейді Сергей Руцкий.

СҚО-ДА ТӨРТ БАЛАҒА ИНСУЛЬТ ДИАГНОЗЫ ҚОЙЫЛДЫ

«Жас инсульт». Бұл анықтама 50 жасқа дейінгі адамдарға қатысты қолданылады. Ал соңғы жылдары тіпті балалар да аталған дертке шалдыға бастаған. Олардың қатарында жаңа туған сәбилер де бар. Солтүстік Қазақстанда соңғы екі жылда кәмелетке толмаған 4 балаға «инсульт» диагнозы қойылды. 
 
Берік Ахметов 57 жаста. Жуырда инсульт алған. Дәрігерлер дер кезінде көмектесіп үлгеріпті. Қазір ем-дом алып жүр.

«Ауылда тұрамын. Қалаға туыстарыма қонаққа келген едім. Өзімді жайсыз сезіндім. Қан қысымым қатты көтеріліп кетті. Бірден ауруханаға келгенім жақсы болыпты. Өзім ештеңе түсінбей қалдым. Бәрін ұмытып қалдым. Ауыр екен. Қазір ақырындып дұрысталып келемін. Гимнастика жасап жүрмін.», - дейді ол.

Инсульттың 70 жастағы қариядан гөрі 45 жастағы адамға зияның көбірек тиеді. Себебі бұл жастағы азаматтың миы қалыпты қан айналымына үйренген. Көктем және күз айларында ауру ушығады. Өйткені табиғат құбылып, ауа қысымы адам денсаулығына әсер етеді.

ИНСУЛЬТТІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ КӨМЕГІМЕН АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ

Қазақстанда инсультті жасанды интеллект көмегімен 10 минут ішінде анықтау мүмкіндігі пайда болды. Пилоттық жобаға 30 емдеу мекемесі қосылған. 

«Үш жыл бойы  бағдарламашылар, сарапшылар, математиктер мен дәрігерлер еңбек етіп, жасанды инлеттект жасап шықты. Сол үшін Қазақстан бойынша деректер жинадық. Оның бәрін енгізіп, талдадық. 2021 жылдың 18-ші қаңтарында пилоттық жобаны Алматыдағы екі инсульттік орталықта іске қостық. Енді мінде ел көлемінде басқа да емдеу мекемелері оны қолданысқа енгізуде», - дейді ҚР президенті іс басқармасы медициналық орталығының нейрорадиолог дәрігері Меруерт Сайфолла.

«CEREBRA» - бұл қосымша. Оны телефонға, планшетке, компьютерге жүктеуге болады. Мысалы сырқат ауруханаға түскен кезде дәрігерге хабарлама келеді, маман ол жайында толық ақпарат алады. Дәрігерлер отандық өнімді жоғары бағалап отыр. 

«Ауруханаға түскен науқасқа бірден компьютерлік томография жасалады. Оның нәтижесі қосымшаға жүктеледі. Жасанды интеллект оны зерттеп, нәтижесін береді. Неге назар аудару керектігін де анықтап береді. Ми қан айналымында қандай өзгерістердің барлығын және қай жерде ишемия болатындығын көрсетеді. Дәрігерлер ақпаратты қарап, қосымша арқылы науқасқа ем тағайындайды. Бұның барлығы тез жасалады. Сондықтан инусльттан болатын өлім-жітім және мүгедектік көрсеткішін азайтуға мүмкіндік туып отыр», - дейді Сергей Руцкий.

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары