Қазақстанда шетелдік интернет-дүкендерге жаңа талаптар енгізілуі мүмкін
Жаңа түзетулер қабылданса, шетелдік интернет-платформалардан келетін барлық тапсырыс арнайы электрондық декларация арқылы рәсімделеді
Мәжіліс депутаттары Кеден кодексіне енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат шетелдік интернет-платформалардан тапсырыс берілген тауарлар үшін арнайы декларация енгізуді көздейді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, заң қабылданғаннан кейін Қазақстанда мұндай барлық жөнелтілім декларациялануға тиіс болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң жобасында электрондық сауда тауарларының жеке санатын енгізу, кедендік құжаттың жаңа түрі – электрондық сауда декларациясын жасау, сондай-ақ электрондық сауда операторын айқындау қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмриннің айтуынша, қазіргі таңда қазақстандықтар шетелдік интернет-платформалардан сатып алатын тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатады және тек бажсыз әкелу нормасынан асқан жағдайда ғана декларацияланады.
Түзетулер қабылданғаннан кейін мұндай барлық жөнелтілім электрондық сауда декларациясы арқылы рәсімделеді.
Әмриннің сөзінше, электрондық сауда тауарлары тек жеке тұлғалардың жеке пайдалануына арналған және кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Қазір мұндай сатып алулар ресми статистикаға енгізілмейді, өйткені олар сауда айналымының құрамына кірмейді.
«Мұндай жөнелтілімдердің барлығын декларациялау шетелдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар бойынша толық әрі нақты статистика қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді бірінші вице-министр.
Заң жобасын әзірлеушілердің түсіндіруінше, өзгерістер халық үшін кедендік рәсімдерді жеңілдетуге, трансшекаралық электрондық сауданың ашықтығын арттыруға және импортталатын тауарлардың толық статистикасын қалыптастыруға бағытталған.