Степногорск әкімдігі жүздеген миллион теңгені ысырап етпек болған: әкім орынбасары жазаланды
Сол сияқты мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы тәртіптік жауапқа тартылды
Ақмола облысында Степногорск қаласының әкімдігі 386 млн теңге сомасындағы бюджет ақшасын негізсіз ысырап етпек болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, қаланы қысқы және жазғы күтіп-ұстау жұмысын қалыптастыру және жоспарлау кезінде бюджет заңнамасы бұзылған.
«Бұзушылықтар сметалық құнның негізсіз ұлғайтылуына, артық және экономикалық тұрғыдан негізделмеген жұмыс көлемдерінің енгізілуіне, сондай-ақ заңнамаға сәйкес келмейтін және бәсекелестік ортаны шектейтін талаптардың белгіленуіне байланысты. Қадағалау шаралары арқылы жалпы сомасы 1,1 млрд теңгені құрайтын 9 мемлекеттік сатып алу күші жойылды. Сметалық құн төмендетіліп, бюджеттен негізсіз жұмсалатын 386 млн теңге көлеміндегі шығындар алып тасталды, бұл мемлекеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Осыған байланысты қала әкімінің орынбасары және мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы тәртіптік жауапқа тартылды.