Түркістан облысында бір отбасының екі баласы суға ағып кетті (ВИДЕО)
Үлкені 13 жаста, кішісі 8 жаста болған
Түркістан облысының Келес ауданында қайғылы оқиға болып, екі бала суға ағып кетті. Олар бір үйдің ағайынды балалары болып шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, балалар белгісіз себептермен Ошақты суару каналына құлап кетіп, қатты ағыс алып кеткен. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, олар ересектердің қарауынсыз қалған болуы мүмкін.
Қайғылы деректі облыстық Төтенше жағдайлар департаменті растады. Оқиға 31 мамыр күні кешкі уақытта Түркістан облысының Еңбекші ауылында болған. Канал суына құлаған балаларды қатты ағыс ағызып әкеткен.
Түркістан облыстық ТЖД басқармасының инженері Фуркат Жолдасовтың айтуынша, іздестіру жұмысына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің және жедел-құтқару жасағының 73 қызметкері жұмылдырылған. Сонымен қатар 11 техника мен 2 жүзу құралы тартылған.
ТЖД мәліметінше, үлкені 13 жаста, кішісі 8 жаста болған. Балалардың бірінің денесі сол түні табылса, екіншісі келесі күні анықталған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Судағы қайғылы оқиғалар өңірде жиі тіркеліп отыр. Жыл басынан бері Түркістан облысында 16 адам суға ағып кетті. Қаза тапқандардың 12-сі – балалар.
Фуркат Жолдасов өңір тұрғындары мен қонақтарын балаларды қараусыз қалдырмауға және жабдықталмаған әрі бейтаныс жерлерде суға түспеуге шақырды.
Еске салсақ, 23 наурыз күні Келес ауданында 8 жастағы бала суға кеткен болатын. Құтқарушылар оның денесін бір ай бойы іздегенімен, іздеу жұмысы нәтиже бермеді.
Мамандар су айдындарында барынша сақ болуға және балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.