«Қаңтар оқиғасы»: зардап шеккен әскери қызметшілердің біразы қызметін ары қарай жалғастыра алмайды
19 қызметкер қаза тапты, 3 мыңнан астам полиция мен әскери қызметші жарақат алды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «қаңтар оқиғасына» байланысты зардап шеккендер туралы Мәжілісте баяндама жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Олар қару-жарақ дүкендеріне, полиция бөлімдеріне, басқа да мемлекеттік органдарға шабуыл жасады. 2 800-ден астам қару мен оқ-дәрі ұрланды (2891). Қаржы ұйымдарын, банктерді, сауда орталықтарын, дүкендерді тонады. Нәтижесінде, 1 700 азамат пен бизнес субъекті зардап шекті. Жалпы шығын сомасы 100 млрд теңгеден асты.
Өкінішке қарай, 19 қызметкер қаза тапты. 3 мыңнан астам полиция мен әскери қызметшілер жарақат алды. Көптеген қызметкер әлі де ем алуда. Біразы денсаулықтарына байланысты болашақта қызметтерін жалғастыра алмайды.
Сондықтан, қызметкерлер төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция аясында қару қолдануға мәжбүр болды», - деді Марат Ахметжанов.
Оның айтуынша қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 61-бабына сәйкес жүзеге асты.
Атап айтқанда:
- азаматтарды қорғау;
- қызметкерлерге және күзету объектілеріне жасалған шабуылға тойтарыс беру;
- қару мен арнайы көліктерді басып алуға жол бермеу;
- және қарулы адамдарды ұстау мақсатында қолданылды.