БҚО-дағы екі адамның өліміне себеп болған апат үшін жол тазалаушы мердігерлер жауапқа тартылуы мүмкін
Қазір апат орын алған аумаққа жауапты жол қызметі тексеріліп жатыр

Батыс Қазақстан облысындағы екі адамның өмірін қиған апат үшін жол тазалаушы мердігерлер жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы жағдай Самара-Шымкент тас жолында болған. Бетпе-бет соқтығысқан екі жүк көлігінің жүргізушісі сол жерде көз жұмды. Ауыр техниканың арт жағынан тағы бір басқа жеңіл көлік келіп соғылады. Ондағы үш жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
«Апатқа көктайғақ жол себеп болуы мүмкін. Боран болып, жолдың бетіне мұз қатқан. Егер жол тазалаушы мердігерлердің осыған қатысы барын анықтасақ, оларды да жауапқа тартамыз. Өйткені біз оларға жолды таза ұстауын үнемі ескертеміз. Бірақ ауа райы қолайсыз болады әлде тазалап үлгірмейді. Қазір осы аумаққа жауапты жол қызметі тексеріліп жатыр», - деді БҚО полиция департаменті ЖПҚБ бастығы Мирхат Әженов.