$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбе облысындағы Теміркөпір ауылының тұрғындары жаңа мектеп салып беруді талап етуде

Ата-аналар балаларымыз бір күні үйінді астында қала ма деп қорқады

Ақтөбе облысындағы Теміркөпір ауылының тұрғындары жаңа мектеп салып беруді талап етуде
Фото ашық дереккөзден

Ақтөбе облысындағы Теміркөпір ауылының тұрғындары жаңа мектеп салып беруді талап етуде. Бастауыш сынып оқушыларына арналған ескі ғимараттың іргетасы үгітіліп, қабырғасы құлап жатыр. Жақында оқушылар оқитын бөлмедегі пештен жалын сыртқа қарай атылып, өртеніп те кете жаздаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Аудан әкімдігі осыдан бес жыл бұрын құрылысқа тендер жариялап, мердігермен де келісімшарт жасасыпты. Кейін ақшаның жоқтығынан ол келісімді тоқтатып қойған.

Теміркөпір ауылындағы ғимарат 90 жылдай бұрын салынған. 1974 жылға дейін разъездегі вокзал қызметін атқарыпты. Қазір ескі ғимараттың аядай екі бөлмесінде бастауыш сыныптың 20 оқушысы оқып жатыр. Қос бөлме айналдырған 20 баланың өзіне тар. Сондықтан мұндағы оқушылар екі ауысыммен оқиды. Іргетасынан бастап қабырғасына дейін қақырап тұр. Ата-аналар балаларымыз бір күні үйінді астында қала ма деп қорқады. Осыдан екі апта бұрын сыныптағы пештен жалын сыртқа атқылап, мұғалімдер отты дер уақытында сөндірген.

Теміркөпір ауылының жоғарғы сынып балалары көрші ауылдағы интернатқа жатып оқиды. 10 шақтысы қатынайды. Барлығын жинаса 100-ден асады екен. Сондықтан орта мектеп салынса, оқушылар ешқайда сабылмай, ауылға да адам тұрақтар еді дейді тұрғындар.

Осыдан бес жыл бұрын Мұғалжар ауданы басшылары тендер жариялап, құрылысқа жер белгілепті. Бірақ «қазынадан ақша бөлінбеді» деген желеумен мердігермен арадағы келісімшартты тоқтатып қойған. Енді құрылысты облыс әкімдігі өз мойнына алып, «биыл бастаймыз» деп уәде беріп отыр.  

 «Мектеп құрылысы осы жылға жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіліп, қаражат бөлінген жағдайда құрылысты биыл бастау жоспарлануда. Мердігер анықталғаннан кейін биыл салынады», - деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жеңісбек Ақберген.

Орта мектеп салуға 242 миллион теңге керек дейді шенеуніктер. Оны енді жақында өтетін мәслихат сессиясында депутаттардан сұрайтын болады. Олар бекітсе, Теміркөпір балалары келесі оқу жылында жаңа мектепке барады.

 

Серіктес жаңалықтары