Павлодардағы моншалардың бірінде сыраға масайған әйел жас қызметкерді соққыға жықты

Мекеме қызметкерлері әйелге моншаның жабылатынын бірнеше рет ескертіп, залдан шығуын сұраған

Павлодардағы моншалардың бірінде сыраға масайған әйел жас қызметкерді соққыға жықты
Фото: видеодан скриншот

Павлодардағы «Сарыарқа» моншасында клиент пен қызметкер арасында жанжал болған. Оқиға әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Видео авторының айтуынша, мекеме қызметкерлері әйел адамға моншаның жабылатынын бірнеше рет ескертіп, залдан шығуын сұраған. Сондай-ақ оған сыраны сыртқа шыққаннан кейін ішіп бітіруді ұсынған.

Монша қызметкерінің сөзін елемей, ашуға басқан әйел жұдырық ала жөнелген. Баласының жылаған дауысына қарамастан әйел адам өз әрекетін тоқтатпаған.

Павлодар облысының Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Павлодардағы монша-сауықтыру кешендерінің бірінде әйелдер арасында жанжал болғаны анықталған.

«Оқиғаға қатысушылар анықталды. Әйелдердің біріне ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материал толтырылып, тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар екі тараптың да бір-біріне ешқандай талабы жоқ. Олар ары қарай арызданудан және істі жалғастырудан бас тартты», – деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.