Қызылорда облысында көлігімен адам қағып, қашып кеткен полицей ұсталды
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Қызылорда облысында ішкі істер органдарының қызметкері көлігімен адам қағып, оқиға орнынан қашып кетті. Бұл деректі облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми мәліметтерге қарағанда, жол апаты 7 наурыз күні кешкі сағат 19:06-да Жаңақорған кентінде болған. Белгісіз біреу автокөлікпен жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жаяу жүргінші қайтыс болды.
"Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол полиция қызметкері болып шықты. Уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп мәлімдеді полиция департаментінен.
Күдікті құқық қорғау органдарынан шығарылды. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, тәртіптік кеңес шешімімен бірқатар басшы тәртіптік жауапқа тартылды.