$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шағын аудан тұрғындары зиратты қоршап, жарық орнатуды сұрады

Мамандар зираттың аудан аумағына қарасты белгілі орын ретінде тіркелмегенін айтады

Шағын аудан тұрғындары зиратты қоршап, жарық орнатуды сұрады
Фото ашық дереккөзден

 «Ата-баба қабірі қорланып бітті, ал біз қараңғы көшеде адасудан шаршадық» деген Алматының Алатау ауданына қарасты Өжет ықшамауданының тұрғындары уәжін айтып, мәселенің түйінін шешуді сұрады. Тұрғындар өтінішін Алматы арнасы арқылы жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Халықтың айтуынша, зираттың маңы кешкі уақытта тас қараңғы. Сондықтан онда көше кезгендер ойына келгенін істейтін көрінеді.

Дау қоршаусыз, қараусыз қалған зиратқа қатысты басталған. Өжет ықшамауданының тұрғындары мен жергілікті әкімдік өкілдері жүздесіп, аталмыш түйткілге байланысты бірқатар талап қойды. Олар көшедегі жарық мәселесін қатар шешу керек деген уәжін айтты.

«Бұл жерде ата-бабамыз жатыр. Қазір теп-тегіс болып кетті. Әйтпесе төмпешік болып жатар еді ғой. Қазір үстін адамдар басып жүр. Бұл жерде 5-6 үй бар. Соған жарық жүргізсе деймін. Себебі көшеде жарық жоқ. Ол – екінші мәселе. «Әруақ риза болмай, тірі байымайды» дегенді ұмытпау керек», - дейді қала тұрғыны Асқар Қасенов.

Тұрғындардың айтуынша, жайылған мал мен қаңғыған иттің бейіт басын былғағаны былай тұрсын, қабірлердің темірі тоналып жатқан көрінеді. Одан бөлек, зираттың іші де, сырты да күл-қоқысқа толып кетіпті.

Тұрғын үйлердің маңында орналасқан зират Өжет ауыл болып құрылғалы бері бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жер түнде нашақорлардың, ал күндіз ішімдікке салынғандардың сүйікті орнына айналған. Сондықтан олар бұл жерді қоршаумен қоршауды талап етеді.

Ал арнайы мамандар бұл зираттың аудан аумағына қарасты белгілі орын ретінде тіркелмегенін айтады. Сондықтан оны «Жабайы мола» деп атайды екен. Дегенмен жергілікті әкімдік өкілі зиратқа қатысты мәселені өз бақылауына алатынын айтты.

«Бюджетке қатысу жобасымен бұл жерге толық қоршау салып беруге уәде береміз. Бірақ бұл да халықтың қолындағы мәселе. Тұрғындар жобаға қатысуы керек. Ал қалай қатысу керек екенін біз көрсетеміз», - деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Әділет Тоқтасынов.

Өжет ықшамауданының көшелерін жарықтандыру мәселесі биыл аяқталуы тиіс. Бірақ оған кірісу үшін әкімдік өкілі ақша бөліну керек дейді. Жалпы алатын болсақ, аудан бойынша тағы 513 көшеге жарық орнату жоспарда тұр екен.

 

Серіктес жаңалықтары