$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Зеленский Беларусьте келіссөз жүргізуден бас тартты – Ресей жауап қатты

Ресей делегациясы Украина тарапымен келіссөз жүргізу үшін Беларуське барған болатын

Зеленский Беларусьте келіссөз жүргізуден бас тартты – Ресей жауап қатты
© EPA-EFE

Владимир Зеленский Ресеймен келіссөздерді Беларусьте емес, Украина аумағына зымыран ұшырмайтын кез келген елде жүргізуге дайын екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әрине, біз бейбітшілікті қалаймыз, екі жақ кездесіп, соғысты аяқтағанын қалаймыз. Варшава, Братислава, Будапешт, Ыстамбұл, Баку – бұлар ресейлік тарапқа біз ұсынған келіссөздер алаңы.

Бізге кез келген басқа қала – аумағынан Украинаға қарай зымыран ұшып жатпаған елдің бәрі қолайлы. Тек сонда ғана келіссөз әділ өтіп, соғысты расымен тоқтатуға болады», - деді В. Зеленский видеоүндеуінде.

Зеленский Минскіні келіссөздер үшін ықтимал алаң ретінде Украина немесе Беларусь емес, Ресей басшылығының таңдап отырғанын айтты.

«Төрт күн бұрын Беларусь аумағынан ұшқан қанатты зымырандар, ұшақтар мен тікұшақтар, техникалар үйлеріміздің күлін көкке ұшырып, өмірімізге оқ атты. Ауыр техника ісе қосылды. Нағыз қорқынышты дежавю болды. Киевке таңғы сағат төртте шабуыл жасалды. Әлдекім 1941 жылғы шабуылды еске түсіргісі келгендей. Ол кезде сендер ұйықтап жаттыңдар, белорус бауырлар, ал біз шошып ояндық. Бірақ сендер әлі де ұйықтап жатырсыңдар. Ал біз содан бері көз ілгеніміз жоқ. Өйткені біз Отанымыз үшін, бостандығымыз үшін күресіп жатырмыз.

Ресей Федерациясының әскерлері сендердің аумағыңнан Украинаға зымырандар ұшыруда. Сендер жақтан ұшып келіп жатқан оқтан балаларымыз қырылып, үйлеріміз қирап жатыр. Ондаған жылдар бойы салынған дүниенің бәрін талқан етуге ұмтылып жатыр. Айтпақшы, ол кірпіштерді біз ғана емес, біздің әкелеріміз бен аталарымыз да қалап кеткен еді», - деді Зеленский.

Ол белорустар «өзінің негізгі таңдауын әлі жасамағанын», сондықтан Минск емес, басқа елдердің басқа қалалары келіссөздер алаңы бола алатынын айтты.

«Беларусь еліне қайтадан мейірімді, қауіпсіз Беларуське айналуын шын жүректен тілеймін. Дұрыс таңдау жасаңыздар. Бұл сіздердің ұлы халқыңыздың басты таңдауы екеніне сенімдімін», - деді ол белорустарға.

Владимир Зеленскийдің осы мәлімдемесіне орай РФ мемлекеттік Дума спикері Вячеслав Володин жауап қатып, «Украина президенті келіссөздер үшін барлық мүмкіндікті іздеуі тиіс, алайда ол оның орнына Украина халқына қарсы қылмыс саналатын сылтауларды іздеп отыр деді.

«Қазіргі жағдайда Зеленский Украина азаматтарының мүддесіне келіссөз жүргізу үшін барлық мүмкіндікті іздеуі керек. Бірақ ол оның орнына, сылтау іздеп әлек. Бұл – әлемдік қауымдастық алдында оның тарапынан Украина халқына қарсы жасалған қылмыс», - деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.

Еске салайық, бүгін таңертең Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей делегациясының Беларуське Украинамен келіссөздер жүргізу үшін келгенін айтқан болатын.

 
Серіктес жаңалықтары