Тегін жеткізіледі: Украинадағы отандастарымыздың алғашқы легі бүгін келеді
Ұшақ Катовице әуежайынан ұшып, Атырауға техникалық қонғаннан кейін Алматыға жетуі тиіс
Украинадағы қазақстандық азаматтар елімізге репатриация рейсімен тегін жеткізіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ел басшылығы азаматтарымызды елге қайтару рейстерін тегін ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Бүгінгі таңда эвакуациялауға көмек көрсету туралы 528 өтініш келіп түсті. Қазақстан Республикасының азаматтары негізінен Киевте және Киев облысында - 264 адам, Одесса облысында – 30, Харьков – 18, Львов – 17, Днепропетровск – 13, Полтава – 7, Черкассы – 4, Луганск – 2, Ивано-Франковск – 2, Житомир облысында – 2 адам», - деді Смадияров.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Киев пен Львовтан келген қазақстандық дипломаттармен бірге еліміз азаматтары мінген көліктер Польша шекарасына жолға шықты.
«Варшавадағы елшілігіміз жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы азаматтарының шекарадан Катовице (Польша) әуежайына өтуі үшін «жасыл дәліз» береді. Репатриация рейсінің жолаушылары еркін (визасыз) өтеді. Украина-Польша шекарасын кесіп өтеді, сондай-ақ міндетті карантиннен, ПТР-сынақтардан өтуден және вакцинация паспортын көрсетуден босатылады», - деді ол.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі сондай-ақ алғашқы репатриация рейсі 26 ақпан күні таңертең жүзеге асырылатынын айтты. Ұшақ Катовице әуежайынан ұшып, Атырауға техникалық қонғаннан кейін Алматыға жетуі тиіс.
«Алдағы уақытта басқа да репатриация рейстері ұйымдастырылады. Осыған байланысты Украинаның әртүрлі қаласындағы қазақстандықтардан Қазақстан Республикасының Киевтегі елшілігіне хабарласып, орналасқан жерін хабарлауын сұраймыз. Мүмкіндігінше Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз бетімен баруды ұсынамыз» - деді ол.
Айбек Смадияров сондай-ақ Украинадағы қиын жол жағдайы мен соғыс қимылдарына байланысты тиісті нысанға жету қиын болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекендерде қалуды, ҚР елшілігімен және құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай анықталғаннан кейін біздің азаматтарға барлық қажетті көмек көрсетіледі», - деді СІМ өкілі.