«Bek Air» өтінішінде келтірілген дәлелдер негізсіз - Қазақстанның авиациялық әкімшілігі
Бұған дейін «Bek Air» әуе компаниясы пайдаланушы сертификатының заңсыз тоқтатылғаны жайлы мәлімдеген еді
Әуе компанияның өтінішінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі пайдаланушы сертификатын қабылданған шешім туралы хабардар етпей және себебін көрсетпей тоқтатты деп көрсетіледі, бұл «Bek Air» АҚ пікірінше, «Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларын» бұзу болып табылады.
Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында аталған дәлелдер келесі жағдайларға байланысты негізсіз екені айтылады.
«Пайдаланушы сертификатының қолданылуын тоқтата тұруға «Фоккер-100» ұшағының апаты себеп болды. Бұл туралы 2019 жылғы 27 желтоқсанда «Bek Air» АҚ атына жіберілген РД270510 радиограммасында тікелей көрсетілген. Мұндай шешім «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңға сәйкес қабылданды, онда сертификаттың қолданылуы ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін заңнама талаптарының елеулі бұзылуы анықталған кезде шектелетіні анықталады», - делінген хабарламада.
Уәкілетті ұйым пайдаланушы сертификаттық талаптар мен шектеулерді сақтамаған жағдайда пайдаланушы сертификатының қолданылуын тоқтайтынын айтып, дәлелдер келтірген.
«Әуе компания жасаған бұзушылықтарды дәл сол күні қаралған әуежайдың бейнежазбасы растайды, онда кейіннен апатқа ұшыраған ұшақты ұшуға дайындау кезінде, мұздануды жою немесе оның алдын алу жөніндегі сертификаттау талаптары орындалмағандығы, сондай-ақ пайдаланушы олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етпегендігі көрінеді», - дейді.
Хабарламада ұшуға рұқсат етілмейтін жағдайларды мысалға келтірген.
«Сонымен қатар бұл «Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргізу қағидаларын» өрескел бұзу болып табылады, оған сәйкес егер қанаттардың, фюзеляждың, басқару органдарының, әуе винттерінің, алдыңғы әйнектің, күш қондырғысының беттерінде немесе әуе кемесінің барометриялық аспаптарының ауа қысымын қабылдағыштарында қырау, дымқыл қар немесе мұз болса, ұшуды бастауға рұқсат етілмейді», - делінген.
Осыған байланысты, «Bek Air» АҚ тиесілі басқа әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстанның авиациялық әкімшілігі пайдаланушы сертификатының қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.
Сол күні Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен «Bek Air» АҚ қызметіне жоспардан тыс тексеру тағайындалды. Әуе компанияның персоналы, оқу бағдарламалары, қондырғылары, процедуралары мен ұшақтары ұшуға жарамды және талаптарға сәйкестігіне көз жеткізу мақсатында тексеріледі.
«Айта кету керек, заңнамаға сәйкес, заң бұзушылықты жою туралы инспекциялық нұсқама, әлі аяқталмаған тексеру қорытындысы бойынша беріледі. Сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен пайдаланушының қызметінде жүргізіліп жатқан жоспардан тыс тексеру шеңберінде «Bek Air» АҚ бұған дейін берілген сертификатының сәйкестік мәселесі зерттелуде», - делінген.