Олимпиадашы Ақмаржан Қалмұрзаева: Өз мүмкіндігімді пайдалана алмадым
Қазақстандық спортшы фристайл-акробатикадан 12 спортшының ішінен 11-ші орын алды
Ақмаржан Қалмұрзаева фристайл-акробатикадан Олимпиада ойындарының бірінші финалында бақ сынады. Ол үздік 12 спортшының ішінен 11-ші орын алды. Жарыс соңында Ақмаржан тілшілерге сұхбат беріп, өз көрсеткішіне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Төрешілік туралы ештеңе айта алмаймын. Бірінші мүмкіндігімде қате жібердім. Мұндай сәттерді төрешілер қаперде ұстайды. Екінші рет секіргенде шаңғым жарыс жолынан шығып кетті. Егер спортшы трамплинге жете алмай қалса, ең соңында немесе төреші анықтаған рет бойынша қайтадан секіреді.
Өкінішке қарай, мұндай сәтті толығымен пайдалана алмадым. Сондықтан, 11-ші орында қалдым. Іріктеуде өзімнің қолымнан келетін ең қиын элементті орындадым. Психологиялық тұрғыдан қиын болды. Іріктеу де өте қиын өтті. Баршаңызға қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет айтамын», - деді Қалмұрзаева.
Айта кетсек, қазақстандық спортшы іріктеу қорытындысы бойынша фристайл-акробатикадан бірінші финалға өтіп, ТОП-12 спортшының қатарына енген болатын.
Өкінішке қарай, финалда Ақмаржан іріктеудегі нәтижесін қайталай алған жоқ. Алғашқы мүмкіндігінде секіру элементтерін орындап, жерге түскенде құлап қалған болатын. Төрешілер 52.36 ұпай берді.
Екінші мүмкіндігінде Қалмұрзаева 71.23 ұпай алып, жалпы есепте 11-і орынға табан тіреді.