Таиландта көлік қағып кеткен отандасымызға көмек керек
Бұл саяхатқа Вероника Бычкова «Interteach» сақтандыру компаниясы арқылы кеткен
Тайландта көлік астына түскен отандасымызға көмек қажет. 29 жастағы Вероника Бычкованың апат салдарынан сау-тамтығы қалмаған, деп хабарлайды Астана арнасы.
Аяғы мен қолы сынған жерлесімізге екі рет шұғыл ота жасалды. Дәрігерлер оған тағы 3 рет операция жасау керектігін айтқан. Вероника Бычкова Тайландтың Панган аралына демалуға кеткен, деді анасы.
«Вероника ұлыммен бірге Тайландқа қысқы демалысқа кеткен болатын. 5-і күні күні қызымды жергілікті тұрғын көлікпен қағады. Сөйтіп ізін суытады. Қызым ес-түссіз күйде ауруханаға түседі. Балаларым бұл саяхатқа «Interteach» сақтандыру компаниясы арқылы кеткен еді», - дейді Вероника Бычкованың анасы Лариса Мельникова.
Алайда сақтандыру мекемесінен бірде-бір көмек болмады деген ана шығынға белшесінен батқанын жеткізді. Аурухананың 3 күніне 7 мың АҚШ долларын төлеген. Елшіліктегілерден де қайран болмады дейді. Амалы таусылған соң «нұротандықтарға» жүгініпті. Партия өкілдері сақтандыру төлемдерін өндіріп алу бойынша жұмыстарды бастап кетті.