Алматыда екі оқ-дәрі қоймасы табылды
Табылған оқ-дәрілер тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді
Алматыда бірден екі оқ-дәрі қоймасы табылды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Медеу ауданына қарасты Нүсіпбеков көшесіндегі үйлердің бірінің ауласынан Калашников автоматының 5,45 калибрлі 20 патроны табылды.
«Екінші қойма Алатау ауданынан табылды. Құлаған ағаштың тамырына «Макаров» тапаншасының 40 патрондары салынған полиэтилен пакеті жасырылған. Табылған оқ-дәрілер осы жылдың қаңтар айының басында Алматыда болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қылмыстық жолмен алынған болуы мүмкін. Екі дерек те ҚР ҚК-нің 287-бабы бойынша аумақтық Полиция басқармаларында сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Полиция өкілінің айтуынша, табылған оқ-дәрілер тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Оқ-дәрілерді жасырған адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.