Министр «сұр» майнерлер туралы хабарлап отыруға шақырды
Бағдат Мусин еліміздің энергожүйесіне заңсыз майнингтің зардабы қатты тиіп жатқанын айтты
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақстандықтарды заңсыз майнингке қатысты жайттарды хабарлап отыруға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соңғы уақытта ақпараттық кеңістікте майнинг мәселесі жиі талқыланып жатыр. Еліміз энергожүйесіне «сұр майнерлердің» зардабы тиюде. Министрдің айтуынша, қазір заңсыз майнингтің энергошығыны 1 гигаваттан (ГВт) асады екен.
«Бұл орайда қалыптасқан «сұр» нарықтың энергожүйеге түсіріп жатқан ауыртпалығы мен зиянын дәл бағамдау оңай емес. Бастысы, бұл кәсіпке де салық салынуы тиіс. «Сұр майнинг» – бұл экономикалық қылмыс, салық төлеуден жалтару! Ал қылмыс жасағандар жауапқа тартылуы тиіс», - деді Бағдат Мусин.
Министр кімде-кім «сұр майнерлердің» локациясы туралы ақпаратты білсе, олар туралы хабарламаны мына электрондық мекенжайларға жіберуді сұрады: (жасырын түрде хабарлауға болады):
b.galimzhan@mdai.gov.kz
e.smailov@mdai.gov.kz
a.ibraev@mdai.gov.kz
Бағдат Мусин көрсетілген локациялар бойынша тексерулер жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданатынын мәлімдеді.
«Сондай-ақ көлеңкелі тұстан шығып, заңды майнерге айналуды қалаған кісілерге әріптестерім кәсіби кеңес бере алады. Энергожүйеге зиян келтіріп, заң бұзып жатқандармен бірге күресейік!», - деді министр.