CҚО-да атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатары 600 отбасыға азайды
2021 жылы өңірде 671 аз қамтылған азаматқа жұмыспен қамту шаралары көрсетілді
2021 жылы СҚО-да жалпы сомасы 704,9 млн.теңге болатын көмекпен 2470 отбасы қамтылды. Биыл атаулы әлеуметтік көмек 1602 отбасына төленеді. Бұл мақсатқа 930,1 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жұмыспен қамту шараларына қатысқан 600-ден астам отбасы материалдық жағдайын жақсартып, аз қамтылғандар санатынан шықты.
«Көмек көрсетудің негізгі бағдары табысы аз азаматтардың табыстарын есепке алудың ашықтығы және еңбекке тарту, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету есебінен ынталандыру. Осыған байланысты, еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне қойылатын талаптар күшейтілді, мысалы, ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартқан немесе жасалған әлеуметтік келісімшарт талаптарын орындамаған жағдайда отбасының барлық мүшелері қолдау алу құқығынан айырылады. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін жеке куәлік жеткілікті. Осы құжатпен ауылдық округ әкіміне, тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталалығына жүгінуге немесе «Электрондық үкіметтің» egov.kz порталы арқылы өтініш беруге болады», - дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім жетекшісі Жаслан Төлегенов.
2021 жылы өңірде 671 аз қамтылған азаматқа жұмыспен қамту шаралары көрсетілді, оның ішінде тұрақты жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орны, қайта даярлау, біліктілігін арттыру, жастар тәжірибесі, сондай-ақ бизнес-идеяларды іске асыруға өтеусіз гранттар беру, ара шаруашылығы, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы, тігін ісі, жиһаз жасау, қызмет көрсету саласы және тағы басқа сияқты кәсіпкерлік қызметпен айналысуға жәрдем берілді.