Бейжің-2022: Қытай құрамасының атынан қазақтар да қатысады
XXIV Қысқы олимпиада ойындарында үш қандасымыз Қытай құрамасының атынан өнер көрсетеді
Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындарына қатысатын Қытай құрамасының есімдері жарияланды. Олардың қатарында 3 қазақ спортшысы да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қытайдың «Орталық халық радиосының» дерегінше, XXIV Қысқы олимпиада ойындарында Баян Жалынқызы, Қадыс Бәделханұлы, Ақнар Адаққызы секілді үш қандасымыз Қытай құрамасының атынан өнер көрсетеді.
Айта кетейік, қандасымыз Баян Жалынқызы 1999 жылы Алтайдың Жеменей ауданында дүниеге келген. Ол Бейжің қаласында өтетін 2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Тау шаңғысы спортынан өнер көрсетеді. Баян 2018 жылдан бастап Норвегия елінде 3 жыл бойы тау шаңғысы спорты бойынша дайындалып, біліктілігін шыңдаған.
Ал Ақнар Адаққызы 1999 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Құттыби ауданында туған. Қазіргі күні Ақнар конькимен жүгіруден Қытай құрамасының мүшесі. Ол осы уақытқа дейін талай мәрте республикалық және халқаралық жарыстардың бас жүлдесін жеңіп алған. Жастар арасындағы конькимен жүгіруден 2019-2020 жылғы Әлем кубогының екі кезеңіне қатысқан Ақнар алтыннан алқа таққан.
Тағы бір қандасымыз Қадыс Бәделханұлы 1999 жылы Қытайдың Фукаң қаласында туған. Ол осы жолғы Олимпиада ойындарында тау шаңғысы спортынан өнер көрсетеді.