Михал Билек «Астана» мен ұлттық құраманы қатар жаттықтыратын болды

Azattyq Rýhy

Чех маманы өткен жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырады

Қазақстандық футболшыларға жақсы таныс чех маманы Михал Билек «Астана» футбол клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды. М.Билек өткен жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырады.

Чех маманы өз елінде «Теплице», «Хмел», «Виктория» (Пльзень), «Спарта» (Прага), «Высочина», «Фастав» клубтарында бапкер болды. Чехия жасөспірімдер және ұлттық құрамасында да бапкер болды. Костарикалық «Картахинес», словакиялық «Ружомберок», грузиялық «Динамо» (Тбилиси) клубтарын жаттықтырды. Чехия ұлттық құрамасымен бірге Еуропа чемпионатының ширек финалына дейін жетті. Ал жасөспірімдер құрамасын баптаған кезде Еуропа біріншілігінің қола жүлдесіне ие болды. «Спартамен» ел чемпионы атанып, кубокты жеңіп алды. Михал Билек «Астана» командасымен бірге Қазақстан ұлттық құрамасын да қоса баптай береді.

Кеше украиналық маман Роман Григорчук «Астананың» бас бапкері қызметінен кетті.

Михал Билек «Астананың» бас бапкері ретіндегі алғашқы сұхбатын беріп, жаңа қызметіндегі алға қойған міндеттері туралы айтып берді:

- Мен «Астана» сияқты үлкен клубтың тізгінін ұстағанымды мақтан тұрамын. Клуб басшылығына маған артқан сенімдері үшін алғыс білдіремін. Әрине, мен құрамадағы жұмысым барысында «Астананың» барлық ойындарын көрдім, соның ішінде еурокубок аясындағы кездесулерін де тамашаладым. Команда ел чемпионатында алты рет қатарынан топ жарып, жыл сайын Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнау арқылы соңғы жылдары өте жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

- Клуб басшылығы қандай мақсаттар жүктеді?

- Бұл тіпті талқыланған жоқ. «Астана» – ол өз алдына ең жоғары мақсат қоятын, яғни чемпионатта топ жарып, Еурокубоктардың топтық кезеңіне шығуды көздейтін үлкен клуб. Біз сондай-ақ, Қазақстан Суперкубогын жеңіп, маусымды жақсы нотада бастағымыз келеді.

- Жақын күндері Қазақстанның алты дүркін чемпиондары алғашқы оқу-жаттығу жиынына аттанады. Бұл жиынның басты мақсаты қандай болмақ?

- Әрине, басты міндет – алдағы маусымға қажетті кондицияны жинап, дене дайындығының іргетасын қалыптастыру. Бірақ мен үшін, жаңа бас жаттықтырушы ретінде барлық футболшылардың мүмкіндіктерін көру өте маңызды болмақ.

- «Астана» футбол клубы «Атлантик Кап» турнирінде бақ сынайды. Команда бұл турнирде жеңіске жетуді мақсат ете ме, әлде бұл жай ғана жолдастық ойындар бола ма?

- Біз бұл турнирде барынша құрамды жоғары деңгейде жасақтауға мән беретін боламыз. Футболшылардан кез келген бағамен жеңіс талап ету дұрыс емес. Дегенмен, біз кәсіби спортшы ретінде турнирдің маңыздылығына қарамастан, барлық кездесуде жеңіс үшін алаңға шығуымыз керек. «Астана» футболшыларында жеңімпаздың рухы бар екеніне өз басым сенімдімін. Сондықтан олар да жеңістен басқа, өзге нәтижені қарастырмайды деген ойдамын.

‡àãðóçêà...
Сұхбат
Абайдың 45 сұрағына белгілі режиссер, жазушы Ермек Тұрсынов жауап берді
«Абайдың 45 сұрағы» жобасының кезекті қонағы - филолог, абайтанушы Омар Жәлел
Ирактан Қазақстанға қайтарылған 14 баланы ортаға бейімдеу жұмыстарымен айналысып жатқан психолог мамандармен сұхбат