Елімізде баспана бағасы кем дегенде бес пайызға қымбаттайды – сарапшылар
Қазір қайталама нарықтағы пәтерлер жаңа үйлерге қарағанда бір жарым есе қымбат
Сарапшылар биыл елімізде жылжымайтын мүлік бағасы кем дегенде бес пайызға өседі деп болжап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасай отырып.
Қазір қайталама нарықтағы пәтерлер жаңа үйлерге қарағанда бір жарым есе қымбат. Бір жылдың ішінде мұндай пәтерлердің құны шамамен 30 пайызға өсті. Мәселен, елорданың сол жағалауындағы 15 миллион теңге тұратын бір бөлмелі пәтердің бағасы қазір 20 миллионнан кем емес.
Көбінесе сатушылардың өзі үйді қымбаттатып жіберетін көрінеді. Соның салдарынан қазір қайталама нарықтағы пәтерлердің шаршы метрі 500 мың теңгеден басталады. Ал жаңа бизнес-класс санатындағы үйлердің шаршы метрі 100 мыңға арзан.
"2021 жылы БЖЗҚ-ға байланысты өсім болды. Екінші нарықтағы сатушылар бағаны көтеріп жіберді. Бұл үлкен дүрлікпе тудырды. Алдағы тоқсанда 2021 жылдың соңғы бағасы сақталады деп ойлаймын", - деді риэлтор Әділ Серғазинов.
Сарапшылардың пікірінше, шекарадағы жағдай шешілсе, жылжымайтын мүлік арзандауы мүмкін.
"Шекарада материалдар тиелген үлкен вагондар елге кіре алмай тұр. Бұл мәселе шешілсе, әрине, құрылыс нысандарына пайдасы болады. Бағаның өсуі, ең алдымен, тоқтайды. Елімізде құрылыс материалдары өндірісі белсенді дами бастаса, бәріне жақсы болады", - дейді Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.
Алматыда жаппай тәртіпсіздіктен кейін жылжымайтын мүлік нарығында тыныштық байқалады. Бірақ ақпанның соңында сарапшылар құрылыс пен сату өткен жылғы қарқынына оралады деп күтіп отыр.