Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын Тоқаевқа өзі тапсырды – А.Үкібай
Елбасы осы күндері Нұр-Сұлтан қаласында болып, Мемлекет басшысына қолдау көрсетті

Елбасының кеңесшісі-баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Қауіпсіздік кеңесінің басшысы қызметін Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Соңғы уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы көптеген жалған қауесеттер мен арандатушылық сипаттағы жазбалар тарап жатыр. Қазіргі жағдайда мұндай қызметті біз саяси жағдайды тұрақсыздандыру және мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзу әрекеті ретінде қарастырамыз.
Мен бұрын мәлімдегендей, Елбасы осы күндері Нұр-Сұлтан қаласында болып, Мемлекет басшысына қолдау көрсетті. Алайда, жағдайдың қиындауына байланысты Елбасының өзі Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымын Президентке беру туралы шешім қабылдады, өйткені ол елде жаппай тәртіпсіздік белең алған кезде халық мемлекет басшылығынан жедел, қатаң және ымырасыз жауап талап ететінін жақсы білді.
Елбасы мен Мемлекет басшысы әрқашан өз халқын, елін және ұлт болашағын қорғап, бірге болып келді. Осы қиын-қыстау күндерде олар мемлекеттік биліктің біртұтастығын тағы да көрсетті.
Осы қиын-қыстау кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев барлық азаматты халқымыздың бірлігі мен тұтастығын көрсетуге және біздің Президентіміз – Қасым-Жомарт Тоқаевқа террористерге қарсы күресте және Қазақстандағы өмірді қалыпқа келтіруде қолдау көрсетуге шақырады.
Елбасы террористік шабуылдар нәтижесінде адамдардың қаза болуына байланысты қайғырып, марқұмдардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтады», - делінген хабарламада.