Францияда экстремизм үшін тағы бір мешіт жабылды
Билік радикалды исламды насихаттағаны үшін Францияның Бове қаласындағы мешіттің жұмысын тоқтатты
Франциялық Уаза департаментінің билігі радикалды исламды насихаттағаны үшін Бове қаласындағы мешітті жабу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ТАСС AFP-ге сілтеме жасап хабарлайды.
"Уаза департаменті Бовенің үлкен мешітін алты айға жабу туралы бұйрық берді. Бұл қаулы 48 сағаттан кейін күшіне енеді", - деді аймақ әкімшілігі.
Мешітті басқаратын коммерциялық емес ұйым сотта Уаза департаменті билігінің шешіміне қарсы шығуға уәде берді.
Францияның Ішкі істер министрлігі Боведегі мешіт имамы жиһад идеяларын уағыздау арқылы келушілерді жеккөрушілік пен зорлық-зомбылыққа шақырған деп хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, Францияның жүзге жуық мешіті арнайы қызметтердің бақылауында. Өткен жылы билік 20 мұсылман діни мекемесін жапты. Францияда барлығы 2,5 мың мешіт жұмыс істейді.
Айта кетейік, 27 қазанда Француз департаментінің префектурасының бұйрығымен терроризмді насихаттағаны үшін Аллон коммунасындағы мешіт алты ай мерзімге жабылды. Префектустың айтуынша, бұл мешітте оқылған уағыздар қарулы жиһадты ақтап, сонымен бірге Францияға деген жеккөрушілік сезімін тудырды.