Жүктіліктің 36-аптасында вакцина салдырған келіншек сәбиін аман-есен өмірге әкелді
Жас ана өзі мен баласының денсаулығы үшін вакцина салдырғанын айтады
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Кемел ауылының тұрғыны Раушан Қабдығалиева жүктілігінің 36-аптасында Pfizer вакцинасын салдырды. Жас ана үшінші сәбиін аман-есен өмірге әкелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Раушан Қабдығалиева Ойыл ауданында туып-өсіп, бой жетті. Кейін білім алып, ауылға жас маман болып оралды. Тұрмыс құрған соң Кемел ауылында тұрып жатыр.
Әлемді пандемия жайлап, ел әбігерге түскен кезде ауыл халқы қалаға қатынауды тоқтатты. Мұндайда ең қауіпсіз әрі жайлы жер ауыл болған еді. Бірақ тұрмыстық қажеттілік, жұмыстың қамымен жүріп-тұруға тура келген шақта, елге вакцина жеткізілді. Сол кезде ағайын-туыс, ұжым, оқушылар қамын ойлаған мұғалімдер отбасы бірден вакцина салдыруға шешім қабылдады.
«Көктемде вакцина жеткізіле бастады. Өзім мектепте психолог, ал күйеуім мұғалім болған соң алғашқылардың бірі болып «Спутник V» вакцинасын салдырды. Ал мен жүкті болған соң жаңа вакцинаның келуін күттім. Сөйтіп желтоқсан айында Pfizer вакцинасын қабылдадым. Ол кезде жүктіліктің 35-36-аптасы еді. Еш кері әсері болмады. Қорықпадым, керісінше сендім. Өзімнің, баламның денсаулығы жақсы», - деді жас ана Раушан Қабдығалиева.
Қазір күйеуі екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкені 4 жаста.
«Вакцина – аурудың алдын алу, сақтану жолы. Сол себепті еш ойланбай, қорықпай қадам жасадым. Әрі ауырып қалсақ аудан орталығына барып, дәрігерге қаралуымыз керек. Мұның бәрін есепке алып, жеткізілген, тегін «Pfizer» вакцинасын салдырдым. Өзге замандастарыма да кеңес беремін. Біздің ұжымдық иммунитеттіміз күшті болуы тиіс», - деді Раушан Қабдығалиева.
Айта кетейік, облыс бойынша 5 мыңға жуық адам Pfizer вакцинасын салдырды. Оның 300-ге жуығы жүкті келіншек.