Алматыда екі жасөспірім пойыздың үстінде селфи жасаймын деп тоққа түсті
Вагондардың төбесінде қуаты 27 000 вольттық электр сымдары тартылған
Алматы станциясында екі жасөспірім вагон үстінде видео түсіремін деп қаза болды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» өкілі Қайсар Жұмабайұлы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрметті ата-аналар! Бәріміз бала өсіріп отырғандықтан мына жазбама зер салуларыңызды сұраймын. Өткен сенбіде және бүгін темір жолда екі бірдей қайғылы жағдай болды.
Алдыңғы күні Тараз станциясында 15 жастағы жасөспірім вагонда фотоға түсемін деп жүргенде тоқ соғып қаза тапты», – деп жазды «Қайсар Жұмабайұлы.
Ол сөзін жалғай отырып дәл осындай қайғылы оқиға бүгін Алматыда да болғанын айтып өтті.
«Дәл осындай оқиға бүгін Алматы станциясында да қайталанды... Екі бозбала вагонның үстіне шығып видео түсірмек болғанда тоққа түсті...((( Арты өлімге әкеп соқтыратын мұндай ауыр жағдайлардан сақтану үшін ата-аналарға арнайы ескерту жасағым келеді.
Пойыздың асты қандай қауіпті болса, үсті де сондай қауіпті. Вагондардың төбесінде қуаты 27 000 вольттық электр сымдары тартылған. Ол сымдарды ұстау былай тұрсын, жақындаған адамды сұлатып түсіреді.
ҚТЖ мамандары мен полиция қызметкерлері мұндай қауіп-қатердің бар екенін, жалпы теміржол өте қауіпті жер екенін ескертіп-ақ келеді. Өкінішке қарай, ойын баласы ескертуді үнемі қаперге ала бермейді. Сондықтан, ата-аналар, мұқият болыңыздаршы...», – деді ҚТЖ өкілі.