Зейнетақының жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне өзгеріс енгізу жүргізілмеген және жоспарланбаған – министрлік
Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін Еңбекмині 2020 жылы әзірлеп, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы №1 қаулысымен бекіткен болатын
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 7 желтоқсанда таратылған баспасөз хабарламасында зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін белгілеу мәселесінде ведомствоның құзыретіне қатысты дұрыс емес тұжырымға жол берілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Осы баспасөз релизін министрліктің ресми сайтында, аккаунттарында және әлеуметтік медиада орналастырған қызметкерге тиісті тәртіптік жазалау шаралары қолданылды. 8 желтоқсандағы жағдай бойынша әдістемеге өзгерістер енгізілген жоқ және жоспарланбаған, өйткені оның ағымдағы нұсқасы қазақстандықтарға болашақ зейнетақы төлемдерін қолайлы деңгейде қамтамасыз етудің қажетті өлшемдеріне толық сәйкес келеді. Әдістемеге сәйкес жеткіліктілік шегін есептеудің негізгі параметрлерінің бірі күнтізбелік жылдың басындағы ең төменгі жалақы болып саналады. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап оның өзгеруі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеткіліктілік шегі автоматты түрде қайта есептеуге әкелді», - делінген хабарламада.
Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін Еңбекмині 2020 жылы әзірлеп, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы №1 қаулысымен бекіткен болатын.
Министрлік әзірлеген әдістемені бекіту туралы ҚР Үкіметі қаулысының жобасы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау кезінде көзделген барлық қажетті рәсімдерден өткенін хабарлайды.