«Басыма автомат тақады»: Талғардағы қанды оқиғаның қалай болғанын марқұмның отбасы айтып берді
Қаскөй марқұмды атып тастағаннан кейін оның үйіне келіп, анасы мен әйелін қорқытқан

Күні кеше Талғарда оққа ұшқан ер адамның анасы мен әйелі қанды оқиғаның қалай болғанын журналист Руслан Өтепбайға айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ол кезде мен үйде болдым. Олар үш жігіт болып келді. Біреуінің қолында пышақ, өзінің қолында автомат болды», - дейді марқұмның әйелі Балзия.
Осы кезде әңгімеге анасы араласты.
«Екеуі пышақ ұстап тұрғанын көрдім. Оларды танымаймын. Қызыңды тауып бер деп, маған автоматты кезеді», - дейді қайғыдан қан жұтқан ана.
«Маманың басына автомат тақап, қызыңыз қайда деп сұрады. Қазір біреуге қоңырау шалатын болсаңыз, өлтіремін деді. Мені пышақпен қорқытты. Ешкімге хабар берме деді. Күйеуім дүкеннен шығып, жолда оларды көріп қалған. Содан оны атып тастап, бізге келіпті», - деп түсіндірді Балзия.
Оның айтуынша Ернардың оққа ұшқанын қаскөйлердің өздері айтқан.
«Біз сенбедік. Көрші тәте келіп, Ернар ана жақта қансырап жатыр деді. Жүгіріп барсам, жаны шығып кетіпті. Екі оқ жарақатын ғана көрдім», - дейді Ернардың әйелі.
Еске сала кетейік, 6 қыркүйекте Талғарда ер адам бұрынғы жақын қарым-қатынаста болған әйелмен жанжалдасып, оның бауырын атып өлтірген болатын. Кейін ол әйелдің екі жасар қызын ұрлап, оқиға орнынан қашып кеткен. Қыз аман-есен табылып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қыздың тіліне ота жасады. Артынша қаскүнем ұсталып, қамауға алынды.
Алматы облысының прокуратурасы ер адамды өлтіру және кішкентай қызды ұрлау ісіне байланысты полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.