Малға бөлінген субсидияның ақшасын шаштараз бен салон иелері алған

Қазір кінәлі деп танылған екі тұлғаға қатысты үкім шықты

Фото ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия беру мәселесі бойынша 54 іс қозғалып, 22 адам күдікті деп танылды. Оның 14-і қамауда, екеуі үй қамақта отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде кезінде жауапты қызметте болған 11 адамға жаза кесілуі мүмкін. Қазір кінәлі деп танылған екі тұлғаға қатысты үкім шықты.  

«Өңірдегі кейбір шенеунік Ауыл шаруашылығы министрлігінің лауазымды тұлғаларымен сөз байласқан болуы мүмкін. Жемқорлар қарапайым шаруаларды алдап, оларға субсидия тегін берілетінін айтқан. Сөйтіп, шын мәнінде мемлекеттен бөлінетін қаржыға шаштараз бен салон иелері ие болып қалды», ˗ дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Башимов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрғасы Марат Ахметжановтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінде болып жатқан жағдайды пайдаланып кейбіреулер өздеріне ыңғайлы ереже енгізуге тырысып жатыр.

«Бірақ оған жол бермейміз. Субсидия алу үшін бекітілген ережені министрлік белгілемеуі керек. Бюджет қаражатын бөлудің қолданыстағы ережесін өзгертетін уақыт жетті», - дейді агенттік төрағасы.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған қоғамдық кеңес субсидия берудің жаңа ережесін дайындауда. Әзірге комиссия шешімі бойынша ірілі-ұсақты малды елден шығаруға толықтай тиым салынған.

Айта кетерлігі, таяуда Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттен 140 млн теңгелік субсидияны жымқыру оқиғасының жолы кесілді. Қылмысты ұйымдастырушы қаржыға ие болу үшін еншілес компаниялармен жасалған жалған келісімшарт ұсынғаны белгілі болды. Бұған қоса, жақында Түркістан облысында бюджеттің 130 млн теңгеден астам қаржысын жымқырған екі кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.