Ақтөбеліктер қазына қаржысына салынған жылы аялдамаға кіре алмай жүр
Автобус күткен жолаушылар қара суықта бүрсеңдеп тұруға мәжбүр
Ақтөбе тұрғындары жылы аялдаманың рахатын көре алмай отыр. Қазынаның қыруар қаржысына салынған нысанның бір бұрышын кәсіпкерлер жалға алып дүкен ашқан, деп хабарлайды КТК арнасы.
Сондықтан олар жабық аялдаманы қалаған уақытында ашып, қалаған уақытында жабады. Кейді тіпті автобус күткен жолаушыларды кіргізбей қояды екен.
«Ашық тұру керек шығар. Не үшін жасалған? Халықтың жағдайын ойлап жатқан ешкім жоқ сияқты. Жоқ сияқты емес, жоқ. Таңертең жабық тұрады», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Алтын Дабылова.
Ақтөбенің әр көшесінде дәл осындай 17 жылы аялдама бар. Бірақ бірде-бірінің есігі таңертеңгісін ашық болмайды. Автобус күткен жолаушылар қара суықта бүрсеңдеп тұруға мәжбүр. Ал шенеуніктер тұрғындардан осы аялдамаларға қатысты арыз көп түсіп жатқанын айтады. Бірақ оны жалға алған кәсіпкерлерге еш талап қоя алмаймыз деп отыр. Өйткені олармен келісімшарт жасаған кезде аялдаманың ашылып-жабылу уақытын ескермеген.
«Күннің суытуына байланысты тұрғындардың шағымы көбейіп барады. Кәсіпкерлер тұрғындар ішін ластап кетеді, қоқыс тастайды деп шағым айтады. Біз мониторинг жасағанбыз. Қазір сәулет және қала құрылысы бөлімімен ұсыныс жасап отырмыз. Нақты ашылатын уақытын белгілейтін боламыз», - дейді Ақтөбе қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Сауран Исабаев.