Елордадағы LRT құрылысын аяқтау үшін тағы 1 млрд доллар керек
Алтай Көлгіновтің айтуынша, LRT қомақты қаражатты қажет ететін жоба
Елордадағы LRT құрылысына тағы бір миллиард доллар қажет. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
"Бұл жобаны аяқтау үшін әлі де бір миллиард долларға жуық қаражат қажет. Көріп отырсыздар, бұл қаламыздың келбетін әрлендіріп тұрған жоқ. Тұрғындар санының артқанын ескере отырып, болашақта қоғамдық экологиялық таза көлікті дамытуға қаншама қаржы жұмсалып қойды", - деді елорда әкімі.
Қала басшысының айтуынша, қазіргі уақытта банктер арқылы инвестиция тарту және бұл жобаны аяқтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"LRT - өте күрделі, тарихы бар, қаражатты қажет ететін жоба. Бірақ бастаған жұмысымызды аяқтауымыз керек. 2016 жылы консорциуммен және банктермен келісімге қол қойылды. Келісімге қол қойылды, бірақ проблемаларға байланысты кейбір банктерде жоба уақытша тоқтатылды, банктер арқылы инвестиция тарту және бұл жобаны аяқтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Толық ақпарат беремін. Жалпы сомасы 1,8 миллиард доллар тұратын жоба, оның 347 миллионы қазірдің өзінде жүзеге асырылды. Бастапқыда Қытай Даму банкінен 4,9 пайыздық несие берілді. Содан ақшаны үнемдеу туралы шешім қабылдадық, ЕДБ-ден 3,25 облигациялық несие алдық. Біз 800 миллион долларды үнемдеп ұстауға, сондай-ақ станциялар мен жылжымалы құрамды қысқарту арқылы 150 миллион доллар үнемдедік", - деді Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде.