Шетелде сотталған қазақстандық Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жасалатын рақымшылыққа ілікті
Елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жазасын өтеп жатқан бір мың азаматқа рақымшылық жасалады. Бүгін Сенат Ішкі істер министрлігі әзірлеген Заң жобасын мақұлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оның мақсаты – онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату, кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқарту.
«Рақымшылық – ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу мен қамауда. 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45%-ы бірнеше рет оның алдында сотталған. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Әзірленген заң жобасына сәйкес 2 236 сотталушыға және 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Осының нәтижесінде сотталғандардың бірқатары бостандыққа шығады.
«Біріншіден 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Екіншіден 1 330 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1 674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, 1 471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелерін қолданады», - деп нақтылады Ерлан Тұрғымбаев.
Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмаған.
Сонымен қатар, ведомство басшысы шетелден экстрадицияланған азаматтардың арасында бір ғана азаматтың рақымшылыққа ілінгенін хабарлады.
«Біздің 35 азаматымыз шетелде сотталған. 31 азамат Ресей Федерациясында, екеуі Қырғызстанда, қалған екеуі Беларусь мемлекетінде сотталды. Келісім бойынша барлығы Қазақстанға келді, олар қазір еліміздегі мекемелерде жазаларын өтеп жатыр. Ал рақымшылыққа олардың біреуі ғана ілікті. Ол 4 жылға сотталған. Үш жылын өтеді, бір жылы ғана қалды. Енді осы заң жобасына сәйкес оған рақымшылық жасалады», - деді Ерлан Тұрғымбаев.