Нұр-Сұлтанда 4,5 мыңға жуық адам Pfizer вакцинасын алды
Қала бойынша 90 жүкті әйел Pfizer вакцинасын алды
Нұр-Сұлтанда 4,5 мыңға жуық қала тұрғыны Pfizer вакцинасымен (бірінші компонент) егілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Олардың арасында жасөспірімдер (12-17 жас) көш бастап тұр (2 877 бала). Негізінен, мамандар атап өткендей, балалар мектептердің медициналық пунктерінде вакцинацияланады.
«Ата-аналар көбінесе педагогтерге мектептің медпунктінде екпе алу туралы өтінішін білдіреді. Ата-аналар мұғалімдермен, медқызметкерлермен таныс болғандықтан көңілі де жай. Біз ата-аналар мен балалардың осындай бастамасына тек қуанамыз», - дейді «Салауатты Астана» емханасының мектеп-мектепке дейінгі бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Еңсебаева.
Сондай-ақ, дәрігердің айтуынша, вакцинациядан кейін бақылау аймағында қандағы қант деңгейін ұстап тұру үшін оқушыларға шай, тәттілер ұсынылады.
Бүгінде қала бойынша 90 жүкті әйел, 1 357 бала емізетін ана және 2 877 жасөспірім Pfizer вакцинасын алды. Ал қала бойынша вакцинаның өзге түрлерінің бірінші компонентін 466 мыңнан астам адам қабылдады.