Астаналық экономикалық форумның безендіру жұмысын жүргізген компания үш жылдан бері тиісті ақысын ала алмай жүр
10-нан аса қазақстандық компания әлі күнге дейін тиісті төлемдерін алмаған
Елордада 2018 жылы ұйымдастырылған Астаналық экономикалық форумның өткен орнын безендіру жұмыстарымен айналысқан компания күні бүгінге дейін еңбекақысын ала алмай келеді. Бұл туралы «ZOOM» Жарнамалық агенттігі» ЖШС директорының орынбасары Оксана Скачкова өзінің фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғары деңгейде өткен форум үш жыл бұрын аяқталғанымен, ұйымдастыру жұмысына атсалысқан 10-нан аса қазақстандық компания әлі күнге дейін тиісті төлемдерін алмаған.
Мәселен «ZOOM» Жарнамалық агенттігі» ЖШС Конгресс орталығының 3 қабатын, Президенттің гримерлік бөлмесін безендіру жұмыстарымен айналысқан. Жұмысқа бас-аяғы 200-ге жуық жұмысшы тартылған. Сметалық құжат бойынша атқарылған жұмыс 107 млн теңгеге бағаланған. Алайда компания аталған соманың бар болғаны 30 млн теңгесін ғана алған екен.
«АЭФ өткізу үшін бізге Экономикалық зерттеу институты мен «Қазақстандық экономикалық бастамалар қоры» корпоративтік қорынан хабарласып, кездесуге шақырды. Олар өз тараптарынан техникалық тапсырмалар берді, ал біз өз жұмысымыздың сметалық жобасын көрсеттік. Ұсыныстарымыз олардың көңілінен шықты. Тендерге бірнеше компания қатысты. Нәтижесінде біздің көрсеткен бағаларымыз тиімді болды. Осылайша біз бұл жобаға шақырту алдық. Ол кезде біз бұл жұмысқа ресейлік компанияның тартылатындығы туралы мүлдем білген жоқпыз. Ол туралы бізге айтқан жоқ», - дейді аталмыш мекеме.
Кәсіпкердің «ресейліктер» деп отырғаны форумның басталуына санаулы ай қалған кезде құрылған «GVA Kazakhstan» ЖШС-нің өкілдері.
Ratel.kz келтірген деректерге сүйенсек, АЭФ-2018 шарасын ұйымдастыру бойынша мемлекеттік тапсырыстың орындаушысы ретінде «GVA Kazakhstan» ЖШС бекітілді. Компаниямен тиісті келісімшартты жасасқан – Қазақстандық экономикалық бастамалар қоры. ЖШС-ның құрамында екі ресейлік кәсіпорын бар. Мамандандырылған ресейлік сайттардың мәліметтеріне сәйкес, «ДжиВиАй» ЖШС – айналым қоры бар болғаны 10 00 рубльді құрайтын шағын кәсіпорын болып саналады. Екінші ресейлік компания – «Спутник» БК» ЖШҚ. Бір таң қаларлығы, аталған компаниялар Ресей нарығында үздік жүздікке де, тіпті алдыңғы қатардағы 500 компанияның қатарында да жоқ.
Өз кезегінде ҰЭМ «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның еншілес коммерциялық емес ұйымы саналатын «Қазақстандық экономикалық бастамалар қоры» дәл осы «GVA Kazakhstan» ЖШС-мен 3,1 млрд теңгеге келісім жасасады. Осылайша қазақстандық компанияларға қаржыны үлестіру жұмысы GVA Kazakhstan» ЖШС-ға табысталады.
Бірақ Оксана Скачкованың айтуынша, форумның ұйымдастырушысы ретінде бекітілген компаниямен («GVA Kazakhstan» ЖШС) қазақстандық кәсіпорындар келісімшарт жасасудан бас тартқан. Себебі енді ғана құрылған ЖШС-ға күмән келтірген.
«Жұмыс барысын талқылау үшін сол уақыттағы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бізді үлкен жиынға шақырды. Ол жерге ресейлік тарап та келді. Біз олармен таныс емеспіз. Министр бұл жобаға қазақстандық компаниялардың міндетті түрде қатысуы керектігін атап өтті. Ресейліктер де еш қарсылық білдірген жоқ. Алда мамыр айының мерекелік күндері жақындап қалғандықтан, бізге төлемнің кешіктіріліп жасалатыны хабарланды. Ал шара 17 мамырға жоспарланды. Өз кезегінде министр төлемнің жасалатынына уәдесін берді», - дейді кәсіпкер.
Алайда 15 мамырға дейін ешқандай келісімшарт және толыққанды төлем жасалмағандықтан «ZOOM» Жарнамалық агенттігі» форумды безендіру жұмыстарын тоқтату туралы шешімге келген. Жағдайды реттеу үшін сол уақытта Ұлттық экономика министрінің орынбасары қызметін атқарған Мадина Жүнісбекова компания директорына телефон шалып, отандық кәсіпкерлердің құр алақан қалмайтынына уәде берген.
«Біз әрбір қазақстандық мердігерді қолдаймыз. GVA-мен ешқандай проблема болмайды. Өйткені олар біздің қормен келісімшарт жасасты. Сондықтан да олар ешқайда қашпайды. Қажет болған жағдайда Ұлттық экономика министрлігі еңбекақыны міндетті түрде төлейтіндігі жөнінде біздің жауапты хатшымыз сіздерге кепілдік хатын жібереді», - деді өз сөзінде бұрынғы вице-министр.
Артынша ведомство өз сөзінде тұрып сол кездегі жауапты хатшы қызметін атқарған, бүгінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары лауазымында жұмыс істеп жүрген Данияр Вагапов кәсіпкерге кепілдік хатын жазып берген.
Алайда хатта төлем сомасы мен мерзімі көрсетілмегендіктен Оксана Скачкова қаржының аударылатынына күмән келтірген. Десе де ведомстводағылар 20 маусымға дейін төлемнің жасалатынын алға тартқан. Үкімет қызметкерлері осылай уәде бергендіктен, кәсіпкерлер тәуекелге бел буып ақыры «GVA Kazakhstan» ЖШС-мен келісімшартқа отырған.
Бұл аралықта, нақтырақ айтқанда 2018 жылдың 14 мамырында аяқ астынан «GVA Kazakhstan» ЖШС-нің директоры ретінде Андрей Альфимов есімді Ресей азаматы тағайындалды. Ал оған дейін бұл қызметті қазақстандық Роза Сүлейменова есімді азаматша атқарған. Жапа шеккен тарап бүгінде Сүлейменованың қайда екенінен бейхабар.
Осылайша 2018 жылдың маусым мен шілде айларында ешқандай ақша сол күйі аударылмаған. Қазақстандық кәсіпкерлерге ақша үлестіруі тиіс болған «GVA Kazakhstan» ЖШС Қазақстандық экономикалық бастамалар қорының тиісті соманы аудармағанын алға тартқан.
«Шара аяқталғаннан кейін ұйымдастыру жұмыстарына бөлінген қаражатқа өзгерістер енгізіліп 3,1 млрд теңге 2,9 млрд-қа қысқарды. Айта кететін жайт өз кезегінде ресейлік тарап шілде айында өздеріне тиесілі 1,8 млрд теңгесін алып, Қазақстандағы жұмыстарын аяқтады. Ал қалған соманы қор «игерілмеді» деген себеппен бюджетке кері қайтарған. Осылайша қазақстандық компаниялар өз есебімізден жұмыс істеп, еңбек ақымыз адалынан төленген жоқ», - дейді Оксана.
Қазақстандық экономикалық бастамалар қоры қаражаттың дер кезінде аударылмау себебін «GVA Kazakhstan» ЖШС-нің тиісті есеп беру құжаттарын өткізбегендігімен байланыстырған. Бірақ Оксана Скачкова мұнымен келіспей отыр.
«GVA Kazakhstan» ЖШС Қазақстандық экономикалық бастамалар қорына 6 мәрте есеп өткізді. Бірақ қор түрлі сылтаулармен олардың біреуін де қабылдаған жоқ. Іске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де араласып, қылмыстық іс те қозғалды. Экономикалық зерттеу институты бізге «GVA Kazakhstan» ЖШС-ны сотқа беру керектігін айтты. Біздің қолымызда ҰЭМ-нің «кепілдік хаты» болғандықтан біз оларды да сотқа бердік. Соттың шешімі бойынша келісімшартқа сәйкес ақшаны бізге «GVA Kazakhstan» ЖШС аударуы керек. Ал «GVA Kazakhstan» ЖШС қордан ақша алмаса несін аударады бізге? Сотта министрліктің өкілі қаражаттың бір бөлігі бюджетке кері қайтарылып, қазақстандық компанияларға тиесілі соманың аударылмағанын мойындады. Алайда, соттың шешімінде ҰЭМ қаражатты аударуы тиіс деп көрсетілмеген», - дейді Оксана Скачкова.
fa-fa.kz сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, «GVA Kazakhstan» ЖШС бүгінде банкротқа ұшыраған компаниялардың тізімінде. Кәсіпорынның атқарушылық іс жүргізу бойынша қарызы 820 715 355 теңге, ал салықтық қарызы 173 832 803 теңгені құрап отыр.
Azattyq Rýhy тілшісі аталған мәселе бойынша Ұлттық экономика министрлігіне және өзге де мемлекеттік органдарға хат жіберді. Мемлекеттік органдардың жауаптары алдағы уақытта жарияланатын болады.