Ревакцинациядан алғаш болып кімдер өтеді?
Дәрігерлер вакцинаның басқа түрін де ұсынып отыр
Қазақстанда, сол сияқты елордада COVID-19-ға қарсы ревакцинация қарашаның екінші жартысында басталады. №15 қалалық емхананың ЖТД бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Сыздықова бустерлік вакцинаны бірінші болып азаматтардың қандай санаттары алатынын айтты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинация КВИ-мен күресте иммунитетті нығайту үшін жүргізіледі. Оны бірінші кезекте ауруға бейім азаматтар санаты алатын болады.
«Бірінші кезекте КВИ-ден алғашқы болып екпе алғандар – медицина қызметкерлері, педагогтер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері вакцинамен қайта егіледі. Әрине, бәрі ерікті негізде. Сондай-ақ, бірінші кезектегі ревакцинациядан созылмалы аурулары бар адамдар, қарт адамдар өткені абзал, өйткені олар тәуекел тобына кіреді», - деп түсіндірді Гүлнар Сыздықова.
Айта кету керек, ревакцинация мерзімі КВИ вакцинасының екі дозасын алған сәттен бастап 6 айдан 9 айға дейін өзгереді. Дәрігерлер сонымен қатар кросс-вакцинацияны, басқаша айтқанда, вакцинаның басқа түрін егуді ұсынады.
«Спутник V» алғаннан кейін ревакцинацияны 9 айдан кейін жүргізу керек, өйткені бұл – векторлық, күшейтілген вакцина. Отандық «QazVac» пен қытайлық «Vero Cell» – 6 айдан соң», - деп нақтылады дәрігер.