Алматыда коронавирусқа қарсы миллион адам екпе алды
Pfizer вакцинасын алуға дайындық жұмыстары жүргізілуде
Алматыда бір миллион адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Жаппай вакцинациялау басталғалы 10 ай өткенде Алматыда миллионыншы тұрғын тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қалалық №22 емханасында вакцина салдырған 29 жастағы Самал Оқапова миллионыншы тұрғын ретінде тіркелді. Ол БЦС ауруына шалдыққанына қарамай екпе алған.
«Вакцинаны өз еркіммен алдым. Ешкім мені мәжбүрлеген жоқ. Таңерте ерте емханаға келіп, екпе алғаннан кейін жарты сағат бойы дәрігерлердің қарауында болдым. Аллергия не болмаса кері әсер болады ма деп ойлап едім, ешнәрсе байқалмады. Өзімді жақсы сезініп жүрмін. Ойламаған жерден вакцина алған қаланың миллионыншы тұрғыны болғаныма қуаныштымын. Әр адам азаматтық парызы ретінде екпе алғаны дұрыс», - дейді Самал Оқапова.
Алматы қаласы бойынша бүгінге дейін бірінші компонентті 1 002 324 адам, екінші компонентті 940 084 адам алды. Вакцина алғандар арасында жасы 60-тан асқан қарт кісілер де бар. Олардың саны 121 мыңнан асады.
Бүгінде қаладағы медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет және спорт нысандарында, базарлар мен сауда ойын-сауық орталығында 137 егу пункті жұмыс істейді. Бұл ретте вакцинациялау пунктерінде суық тізбектің режимін сақтау қатаң бақыланады, бұл вакцинаның тиімділігіне әсер етеді.
«2021 жылдың 1 ақпаннан бастап Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Коронавирусқа қарсы екпені ең алдымен, медицина қызметкерлері және халықпен жиі араласатын қауіп тобындағы адамдар алды. Сәуір айынан бастап халықты жаппай вакцинациялау науқаны басталып, жаһандық пандемиядан қалпына келтіру процесін жеңілдетуге мүмкіндік берді.
Pfizer вакцинасын алуға дайындық жұмыстары жүргізілуде: мұздатқыш орындары дайындалып, логистика және вакциналарды сақтау алгоритмдері пысықталды, әр кезеңде жауапты тұлғалар анықталды, медицина қызметкерлері оқытылып жатыр. Қазір қала әкімдігі екпе қарқынын одан әрі арттыру жұмысын жалғастырады», - деп хабарлады Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.