Ақтау қаласының әкімі африкалық жігіттердің видеосына қатысты пікір білдірді
Ақтау қаласының әкіміне мұндай алғыс ұнамаған сыңайлы
Жуырда әлеуметтік желіде бір топ африкалық жігіттің Ақтау қаласы әкіміне «қызғалдақ» үшін алғыс айтқан әзіл-сықақ видеосы тарады. Қала басшысы Нұрдәулет Қилыбай Facebook парақшасында бейнежазбаға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнероликте қара нәсілді азаматтардың қолдарында «Нұрдәулет Килыбай спасибо за тюльпаны» деген жазуы бар тақтайша мен әкімнің суреті бар. Жігіттер қызғалдақ үшін Нұрдәулет Килыбайға алғыс айтып, фотодағы суретті сүйіп, артынша өздерінің көңілді билерін орындаған.
Ал Ақтау қаласының әкіміне мұндай алғыс ұнамаған сыңайлы. Шаһар басшысы жігіттердің мұндай әрекетін өскелең ұрпақтың санасына шабылып жатқан балта деп бағалады.
«Мейлі, ұнаса бұл видеоны түсіре берсін. Проблема өзімде емес. Мәселенің тереңі мүлдем басқада. Байқасам, бірнеше ер адам еркек адамның суретін сүйіп алдында жартылай жалаңаш билейді. Өсіп келе жатқан жастарға, еркек адам еркек адамнан жиіркенбеуі керек деген лас насихат па деп қалам түбінде. Ұрпақ санасына шабылып жатқан балта емес пе?» - деді өз жазбасында Нұрдәулет Килыбай.