$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жайылым жердің жоқтығынан шаруалар мал санын қысқартуға мәжбүр

Шаруалар шабындық жерлердің де егістікке айналып кеткеніне наразы

Жайылым жердің жоқтығынан шаруалар мал санын қысқартуға мәжбүр
Фото ашық дереккөзден

Павлодар облысындағы елдімекендердің маңы жыртылып, бос жатқан егістік жерлер жарамсыз күйге түскен. Қазір қожалықтар мал жаятын өріс тарылғандықтан төрт түліктің санын азайтуға мәжбүр, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Жайылым тапшылығы әсіресе Павлодар ауданында қатты сезіледі. Бүгінде 53 шаруа қожалығы мал санын азайтуға бел буған. Суармалы егіс алқаптарының саны артқан сайын жайылым жерлер тарылып барады. Өсімдік өсірушілер тың жерлерді жыртып тастаған. Құнары кеткен қара далада мал өсіп-өнбейді дейді шаруалар.

Чернорецк ауылында облыс бойынша ең ірі суармалы егіс алқаптары орналасқан. Жетпіс мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің үштен бір бөлігі ғана мал жайылымына беріліпті. Кейбір көкөніс өсірушілер жер өңдеуге немқұрайлы қарайды. Жуырда солардың бірі мың гектарға жуық жерді бүлдіріп тастапты.

«Біз бұл дерек бойынша акт толтырамыз. Жерді пайдаланушыға қатысты заңға сәйкес әкімшілік шара қолданылады. Ол жерді бастапқы қалпына келтіруі тиіс. Біз өз  жұмысымызды орындаймыз», - дейді Павлодар ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Хамза Оразбеков.

Соңғы жылдары жекеменшік үй аулаларында да мал басы артқан. Бірақ төрт түлікті бағатын жер қалмапты. Өңірде бос қалған жерлер көп. Бірақ мал жаюға жарамсыз. Ал жер өңдеушілер алған жерлерін мемлекетке қайтаруға асықпайды. Жалпы, облыс аумағында қараусыз қалған және бос жатқан жерлерді кері қайтару ісінің қолға алынғанына бірнеше жыл болды.

 

Серіктес жаңалықтары