Елордада литвалық педагог балаларға қазақша ән үйретіп, домбырада ойнайды

Azattyq Rýhy

Домбырада қазақша ән салатын литвалық көпшілікті сүйсіндірді

Елордада тұратын ұлты литвалық Бронислав Бугинастың домбыра құлағында еркін ойнап, қазақша ән орындауы көпшілікті сүйсіндірді. «Интервью без фильтра» жобасының қонағы қазақ шығармашылығының нағыз жанашыры екенін көрсетіп, бірнеше аспапты меңгергенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бронислав Бугинас – 35 жылдық тәжірибесі бар музыкант педагог. Қазақ тілінде домбырамен ән шырқауды университет қабырғасында атақты әнші Жанар Айжановадан үйреніпті.

«Жанар Айжанова екеуміз бір факультетте оқыдық. Маған көмектескен сол кісі. Қандай ән таңдау керек екенін үйретті», - дейді Бронислав.

Педагог қазақ тілінде ән айтып қана қоймай, күнделікті өмірде де емін-еркін сөйлесе алады. 

«Қазақ тілі балалармен емін-еркін сөйлесуіме көмектеседі. Мәселен кейбір бүлдіршіндер орысша сөйлей алмаған кезде, мен бірден қазақша тіл қатамын. Орыстілді азаматтарға айтарым: қазақша сөйлеуден қорықпаңыздар, еш қысылмаңыздар, ешкім оған күлмейді, керісінше қолдау білдіретін болады», - дейді педагог.

Десе де музыкант туған тілін жетік білмейтін балалардың да бар екенін айтып өтті.

«Еуропалық азамат қолына домбыра алып, қазақ тілінде ән салуды үйреткен кезде балалардың қызығушылығы арта түседі. Ата-аналары да ерекше мән береді. Қазақ тілін үйрену керектігін түсінеді», - дейді  Бронислав.

Педагог бүгінге дейін қазақтың көптеген ұлттық аспаптарын жинаған. Олардың қатарында домбырадан бөлек, қобыз, асатаяқ, тұяқтас, жетіген және сылдырмақ бар.

Бронислав Бугинастың ұлты литвалық болғанымен туған жері – Қазақстан. Сондықтан да ол бауыр басқан ортасынан ешқашан көшпейтінін айтты.

«Бұл жақта бауырларым, достарым, туыстарым бар. Қазақстаннан көшу туралы ойым жоқ. Өзге ұлт өкілдерінен достарым көп. Біз барлығымыз ауызбіршілікте өмір сүріп жатырмыз», - дейді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.