Оралда спортшылар шәкіртақысын ала алмай жүр
Оған спортшылар санының артуы себеп болған
Батыс Қазақстан облысында спортшылар екінші жартыжылдықтың шәкіртақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Арнаның хабарлауынша, аймақта 250-ге жуық адам бірнеше спорт түрінен ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Оларға ай сайынғы төлем жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс. Жыл басында 194 млн теңге жұмсалған. Алайда жауапты мамандар қаражат жетпей қалғанын айтады. Мұның себебін ел құрамасына шақыртылған спортшылар санының артуымен байланыстырады.
«Жылдың басында 218 спортшымен бастадық. Қазір 246-ға жетті. Қалған айларға ақша жетпеуіне байланысты біздер уәкілетті органнан осы мақсатқа ақша сұрап, тиісті құжаттарын жолдадық. Ол ақша бөлінді. Енді өзінің процедуралары бар. Осы қараша айының 10-на дейін спортшыларға үшінші кварталдың ақшасын төлейміз», - дейді БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нығметуллин.