ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

«Бавария» футболшысы сүйіктісіне үйленгені үшін түрмеге қамалады

Ол 2017 жылы әйелімен көшеде жанжалдасып қалған

Мадридтің соты Германияның «Бавария» футбол клубы мен Франция құрамасының қорғаушысы Люка Эрнандесті қазіргі жұбайына жақындауға салынған тыйымды бұзғаны үшін түрмеге қамау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Мадридтің Жоғарғы сотының баспасөз хабарламасында айтылған.

Эрнандес жазасын өтеу орнын таңдау үшін 19 қазанда Мадрид сотына баруы міндетті. AS газетінің хабарлауынша, Эрнандес сот шешіміне шағым түсірген.

2017 жылдың 3 ақпанында Эрнандес Мадридтің «Атлетико» командасында жүргенде сүйіктісі Амелия де ла Оса Лорентемен көшеде жанжалдасып қалған. Артынша Мадрид соты Эрнандесті қоғамдық жұмыстарға 31 күнге жегу, және де ла Оса Лорентадан 500 метр алшақ жүру туралы шешім қабылдаған болатын.

Құрбысына жақындауға тыйым салынғанына қарамастан Эрнандес демалыс күндерін онымен бірге өткізіп қана қоймай шаңырақ көтерген. Эрнандес сот үкімін жеңілдету туралы өтініш берген, алайда өтініші қанағаттандырылмады. Сол сияқты сот Эрнандес пен де ла Оса Лорентенің бірге уақыт өткізуі тиісті ережені бұзды деп тапты.

Айта кетейік, екеуінің қазір Мартин есімді ұлы бар.

Люка Эрнандес 25 жаста. Бұрынғы командасы «Атлетико» сапында 2018 жылы Еуропа Лигасы мен УЕФА Суперкубогын жеңіп алған. Ал 2019 жылдан бастап «Бавария» сапында ойнайды. «Бавариямен» 2020 жылы Чемпиондар лигасын, УЕФА Суперкубогын және клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңді. Франция құрамасы сапында Эрнандес әлем чемпионы (2018) және Ұлттар Лигасының жеңімпазы (2021) атанды.