Алматы облысында жол сапасына жауапты 200-ден аса лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Оларға осыған дейін де нұсқамалардың орындалмағаны үшін 8 хаттама жасалған

Алматы облысында жолдың нашар болғаны үшін 223 лауазымды тұлға жазаланды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы облысы ПД ӘПБ жол-техникалық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері жалпы қолданыстағы автожолдарға 2050 тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша жол ұйымдарына кемшіліктерді жою бойынша 2056 ұйғарым жіберілді.
«Жолдың дұрыс күтілмеуі - жол қозғалысы ережелерін бұзумен қатар, жоғары апаттылықтың басты себептерінің бірі. Жол апатына ашық люктер, шұңқырлар, ойылған тұстар себеп болады. Адам өмірі жол төсемінің сапасына тікелей байланысты. Қабылданған шаралар бойынша автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 223 лауазымды тұлғаға ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы бойынша 8 459 300 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салына отырып, әкімшілік материалдар жасалды», - деді Алматы облысы ПД ӘПБ бастығының міндетін атқарушы Серікжан Әбжанов.
Оның айтуынша оларға бұрын берілген нұсқамалардың орындалмағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша 8 хаттама жасалған.