ШҚО-да Илья Ильин атындағы мектеп ашу жоспарланып отыр
Илья Ильин Қызылорда қаласындағы «Мұз» сарайын басқарады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов болашақта Илья Ильин атындағы спорт мектебін ашу жоспарланып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының чемпионы және өзге де жарыстарда үздіктердің қатарынан көрінген зілтемірші Илья Ильинмен кездесу өткіздім. Илья - үш түрлі салмақ дәрежесінде төрт дүркін әлем чемпионы, серпе көтеруде әлемдік рекорд жаңартқан азамат.
Мен оны жас кезінен білемін, ол жай спортшы ғана емес, адами болмысы мен тұлғалық қасиеті өзара үндескен адам.
Бүгін ол өнер көрсетпейді, дегенмен Илья спорттан кетпеді. Қазіргі күні ел мақтанышына айналған азамат Қызылорда қаласындағы «Мұз» сарайын басқарады. Оның ауыр атлетика мектептерін ашу бойынша үлкен жоспарлары бар. Сондай-ақ, біз Шығыс Қазақстанда Илья Ильин атындағы мектепті болашақта ашу мүмкіндігін талқыладық. Біздің спортшылар әртүрлі әлемдік жарыстарда өздерін осы спорт түрінде өте жақсы көрсетеді, өйткені ауыр атлетика - тек қана алып дене мен күшті ғана емес, рухани байлықты да талап етеді.
Сондай-ақ, біздің ауыр атлет Денис Улановты қалпына келтіру, оңалту және үлкен спортқа қайтару туралы тақырыпта сөз қозғадық. Илья Азия чемпионы атанған "Алтай" клубының волейболшылары үшін риза екендігін жеткізді. Оның спорттан кетпегені, елдегі ауыр атлетиканы дамыту үшін бар күш-жігерін салатыны ел үшін үлкен қуаныш», - деп өңір әкімі Facebook парақшасында жазды.
Айта кетейік, ауыратлет Илья Ильин 2008 және 2012 жылдары Олимпиада чемпионы атанған. Алайда допинг дауына байланысты Халықаралық олимпиада комитеті 2016 жылдың күзінде оны екі бірдей атағынан айырған болатын.