Еліміздегі ЖОО-ларға 300-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді
ЖОО-лар IT-компаниялармен — болашақ жұмыс берушілерімен ынтымақтастық орнатуда
Оқу жылының басынан бері қазақстандық жоғары оқу орындарында 300-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Олар еңбек нарығындағы заманауи сұраныстар мен жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талаптарына сәйкес бейімделіп әзірленген, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігі.
«Жаңа оқу бағдарламалары бойынша болашақ инженерлерді, құрылысшылар мен педагогтерді, менеджерлерді, экономистер мен заңгерлерді және басқа да мамандарды оқытады. Мәселен, «Ядролық медицина», «Smart City технологиялары», «Математикалық экономика, статистика және деректерді талдау», «Білім берудегі физика», «Ғылыми тарих», «New media», «Тау-кен ісіндегі 3D модельдеу инженері», «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» мен басқа да жаңа бағдарламалар бойынша.
Бұдан басқа, IT-мамандарға деген сұраныстың артуына байланысты ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласында да жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап университеттер «Big Data Analysis» (ауқымды деректерді талдау), «Жасанды интеллект технологиясы», «Криптология», «IT-құқық», «Digital Engineering», «Робототехникалық жүйелер», «Data Science», «Киберфизикалық жүйелер», «Роботтандырылған пилотсыз ұшу аппараттары», «IT-менеджмент», «Цифрлық экономика» сияқты бағдарламалар бойынша мыңдаған болашақ бағдарламашыларды оқытады», - деп жазады ведомство.
2021 жылы АКТ саласындағы мамандарды даярлауға 10 мыңға жуық грант бөлінді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
«ЖОО-лар IT-компаниялармен — болашақ жұмыс берушілерімен ынтымақтастық орнатуда. Дуалды оқыту белсенді түрде енгізіліп жатыр, студенттер оқу уақытының 40%-ын кәсіпорындарда өткізеді. Өз кезегінде студенттер жаңа білім беру бағдарламаларына оң баға беріп, оларды әзірлеу кезінде практикалық білімге баса назар аударылғанын атап өтті», - деп жазады ведомство.
Айта кетейік, барлық жаңа білім беру бағдарламасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген.