Тәжікстан Президенті 27 жыл бұрын ерлікпен қаза тапқан қазақстандықты марапаттады
Раджан Батырқанов - жауынгер-интернационалист, батыр-шекарашы
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ауғанстанмен шекарада 27 жыл бұрын ерлікпен қаза тапқан қазақстандық әскери қызметкер - Раджан Батырқановты 1-ші дәрежелі «Спитамен» орденімен марапаттады. Бұл туралы Azattyq Rýhy ҰҚК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тәжікстанның бауырлас халқы 1993-2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген Жеке құрама атқыштар батальонының әскери қызметшілері көрсеткен ерлігін еске алып, құрмет тұтады.
«Раджан Батырқанов (1975-1994) жауынгер-интернационалист, батыр-шекарашы. Жеке қазақстандық құрама батальоны Күршім взводының құрамында қызмет атқарды. 1994 жылы 28 қыркүйекте Хорог шекара жасағының учаскесінде тәжік оппозициясының екі жүзден астам Хаким бастаған содырлары Висхоров шатқалындағы 5-ші және 6-шы шекара заставаларының түйіскен жерінен бұзып өтуге тырысты. Бұл ұрысқа қазақстандық құрама батальонның жеке құрамы белсене қатысты», - делінген ведомство хабарламасында.
Хаким содырлары 9 жүк көлігі және екі «УАЗикпен» Калай-Хумб ауданының орталығы арқылы Ауғанстан Ислам мемлекетіне өту ниетімен мемлекеттік шекара сызығының бойындағы Хорог бағытына бет алды. Лектің қозғалысын «Қара қол» лақап атымен белгілі болған содыр басқарды (кейіннен «Хаттаб» деп танылған халықаралық террорист, 1995 жылдан 2002 жылға дейін Шешенстандағы Ресей федералды күштеріне қарсы соғысқа қатысқан шешен сепаратистерінің жетекшісі).
«Бұл ұрыста Р. Батырқанов қарулы содырлармен болған қиян-кескі шайқасқа бірінші болып кірді. Өз өмірінің құнымен қаруластарын құтқарып қана қоймай, ұрыста жеңіске жетулеріне жол ашты», - деп жазды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті.