$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.10.2021, 18:05
Жаңалықтар

Түркістанда электр қуатына тапшылық азаяды

Түркістан облысында 320 МВт электр энергиясының тапшылығы бар

Түркістанда электр қуатына тапшылық азаяды
Көрнекі фото

Алдағы уақытта Түркістан облысында бұқараны электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі оңтайлана түседі. Электр жарығының жеткілікті болуы үшін бүгінгі таңда өңірдегі Отырар ауданынан қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр станциясының (КЭС) құрылысы жүруде. Бұл – Түркістан облысының 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында қолға алынған жоба.

Аудан орталығы Шәуілдір ауылына жақын маңда салынып жатқан зауыттың аумағы 100 гектар. Онда болашақта 100 000-нан астам панель мен жаңа электр қосалқы станциясы орнатылады. Олар ұзындығы 7 шақырымға жуық жаңа әуе желісі арқылы жергілікті желіге қосылады. Бекет осы жылдың төртінші тоқсанында бірінші электр энергиясын береді, 2022 жылдың басында толығымен аяқталады деп күтілуде.

Жаңа зауыт бүкіл қызмет ету мерзімі ішінде CO2 эквивалентті парниктік газдар шығарындыларын шамамен 1,2 миллион тоннаға қысқартуды қамтамасыз етеді. Бұл Қазақстанның 2050 жылға дейінгі энергетикалық секторының прогрессивті декарбонизациясына ықпал етеді және жаңартылатын көздерден алатын қуаттың 50% қамтамасыз ету жөніндегі еліміздің өршіл мақсатына қолдау көрсетеді.

Шәуілдірдегі КЭС – бұл итальяндық Eni энергетикалық компаниясының еліміздің күн энергетикасы секторындағы алғашқы ірі инвестициясы. Құрылыс жұмыстарының барысын таяуда жергілікті билік өкілдерімен бірге Италияның Қазақстандағы Елшісі Паскуале Д'Авино да барып көрді.

Итальяндық инвесторлардың жауапкершілігі зор. Шәуілдірге ресми сапармен жиі барып тұрады. Жақында тағы да Eni компаниясының және БҰҰ Даму Бағдарламасының өкілдері Шәуілдірдегі орта мектепке барып, онда мектепті күн энергиясымен қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергия көзін енгізу, оның тиімділігін арттыру бойынша кездесу өткізді. Болашақта білім ордасында КЭС панелі орнатылады деген жоспар бар. Кездесу барысында, мектеп оқушыларын, мектеп қызметкерлерін және жергілікті тұрғындарды энергия тиімділігі және «жасыл» энергетика негіздеріне оқыту жайы талқыланды.

Жалпы, Түркістан облысында 320 МВт электр энергиясының тапшылығы бар. Облыстың осынау мұқтаждықтары үшін күн және су электр станцияларын салу бағытында 10 инвестициялық жоба іске асырылуда. Өңірде энергияның баламалы түрлерін дамыту, күн және жел энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Электр энергиясы көздерін жаңғырту және дамыту - өңір экономикасының басым бағыттарының бірі.

Енді шетелдік инвестор жайлы бірер ақпаратқа қанық болыңыз. Eni энергетикалық компаниясы Қазақстан нарығында 1992 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келе жатқан ұжым. Ол Қарашығанақ кен орны мен Солтүстік Каспийдегі түрлі жобалардың, сонымен бірге, Қашаған алып кен орнының да бірлескен үлестік серіктес операторы болып табылады. 2018 жылы Eni компаниясы "ҚазМұнайГаз" мемлекеттік компаниясы мен Исатай және Абай барлау блоктарының бірлескен операторы болды.

Итальяндық Eni энергетикалық компаниясы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы алғашқы жобасын 2020 жылдың наурыз айында іске қосқан-ды. Ақтөбе облысында орналасқан, қуаттылығы 48 МВт болатын Бадамша жел электр станциясын коммерциялық бағытта пайдалануға беріп, жылдық қуаты шамамен 195 ГВт-сағат болатын электр энергиясын өндірді. Қазіргі уақытта компания қосымша қуаттылығы 48 МВт болатын жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруда.

Серіктес жаңалықтары