Экология саласындағы жемқорлық деректері бойынша 80-ге жуық іс сотқа жіберілген

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі әрбір сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша тәртіптік шаралар қабылданатынын айтты

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде ведомство басшылығының, оның аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қатысуымен көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Экологиялық бақылау бөлімшелері қызметкерлері тарапынан жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасау фактілерінің жиілеп кетуі зор алаңдаушылық тудырады. Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін заңмен белгіленген қомақты айыппұлдарды пайдакүнем қызметкерлер кәсіпкерлерге қысым көрсетуге және заңсыз сыйақы талап етуге пайдаланады», – деп атап өтті Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары О. Бектенов.

Өз кезегінде, агенттіктің Превенция қызметінің басшысы М. Төлеубаев соңғы 3,5 жылда министрлік жетекшілік ететін салалардағы жемқорлық фактілері бойынша 80-ге жуық істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сотқа жібергенін айтты. Мысалы, 6 қыркүйекте сот үкімімен 30 млн теңге көлемінде пара алған Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы А. есімді азамат 11 жылға бас бостандығынан айырылды. А-ға үкім шығарылған күні талапты қайтарып алуға ықпал еткені үшін 50 млн теңге көлемінде пара алу кезінде бас экологиялық инспектор – осы облыстың Экология департаменті басшысының орынбасары Т. ұсталды.

«Әрбір қылмыстық құқықбұзушылық бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін нақты себептер мен жағдайларды анықтау қажет», - деп түйіндеді М. Төлеубаев.

Кеңес қорытындысы бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С. Брекешев әрбір сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша министрлікте тәртіптік шаралар қабылданатынын айтты. Ол барлық деңгейдегі басшыларға сеніп тапсырылған саладағы қызметкерлер арасында жемқорлық көріністерінің алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңның талаптарын және жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау туралы барлық деңгейдегі басшылар қабылдаған міндеттемелерді мүлтіксіз сақтауды, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етуді тапсырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.