BEK AIR жолаушыларға жыл соңына дейінгі сатылған билеттердің ақшасын қайтарып береді
2019 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі әуе компанияның барлық рейстері үшін сатылған билеттердің ақшасы жолаушыларға қайтарылады

Әуе компания мұндай қадамға бүгінгі Алматы маңында болған ұшақ апатына байланысты барып отыр. Бүгін Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша жолға шыққан Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Бортта бас-аяғы 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, ұшақ апатынан 12 адам қаза тапқан.
«BEK AIR әуе компаниясы 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі әуе компанияның барлық рейс жолаушыларына әуе билеті үшін төлеген ақшасын қайтарып береді. Билетке жұмсалған қаржыны толықтай қайтарып алу үшін билет сатып алатын орынға хабарласыңыз. Егер билеттер әуе компанияның веб-сайты арқылы сатып алынған болса, callcenter@bekair.aero электрондық поштасы арқылы билет құнын қайтаруды сұрауыңыз керек», - делінген компанияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.